Таяу Шығыстағы 10 елде сайлау учаскесі жабылды – СІМ

Қазақстан 10 елдегі референдум учаскелерінің жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы әрі ресми өкілі Ерлан Әлімбаев мәлім етті, деп хабарлайды tiek.kz.
Айтуынша, мұндай шешім қазіргі таңдағы қалыптасып отырған саяси жағдайларға байланысты қабылданып отыр.
«Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына, сондай-ақ Украина мен Эфиопиядағы қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне байланысты арнайы штаб құрылды. Соның нәтижесінде 10 елдегі 11 сайлау учаскесінің жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Аталған учаскелер қатарында Қазақстан Республикасының Иран, Израиль, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан, Корея Республикасы, Украина және Эфиопия елдеріндегі елшіліктері жанындағы, сондай-ақ Дубай қаласындағы Қазақстан консулдығы жанындағы учаскелер бар», — деді Ерлан Әлімбаев дәстүрлі брифинг барысында.
Оның айтуынша, референдум кезінде 54 елде барлығы 71 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Шетелдегі сайлаушылардың жалпы саны 14 230 адам.
Еске салсақ, 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституция жобасын қабылдауға қатысты референдум өтеді.
