«Бала ырысы»: Президент әр балаға үш жасқа дейін ай сайын жәрдемақы төлейтін заңға қол қойды
Төлемдер 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап беріледі.

Қырғызстанда үш жасқа дейінгі барлық балаға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төлейтін болды,
Ел президенті Садыр Жапаров Халықаралық әйелдер күні қарсаңында арнайы жарлыққа қол қойды.
Енді елде жаңа жәрдемақы «Бала ырысы» деп аталады. Төлемдер 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап беріледі. Әр балаға отбасының табыс деңгейіне қарамастан ай сайын 1200 сом (6780 теңге) көлемінде төленеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шешім азаматтардың көптеген өтініштері негізінде қабылданған.
Садыр Жапаров қазіргі жәрдемақы жүйесіне қатысты шағымдардың көп екенін атап өтті. Оның сөзінше, аналар әлеуметтік көмек алу барысында жиі бюрократиялық кедергілерге тап болады.
«Адамның ең маңызды физикалық және ақыл-ой қабілеттері өмірінің алғашқы жылдарында қалыптасады. Сондықтан біз жаңа “Бала ырысы” жәрдемақысын енгізуді тапсырдық. Әр бала өз ырысымен, өз бақытымен дүниеге келеді», – деді президент.



