
Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бір подъезінен төрт адамның мәйіті табылды. Оқиға Студенттік қалашық шағынауданында болған. Қара жамылған үш отбасы да көрші тұрған. Марқұмдар бір подъездегі үш түрлі пәтерден табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға газдан улану себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды tiek.kz.
Көршілердің айтуынша, бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың денесі анықталған. Екінші қабаттағы басқа пәтерден 23 жастағы жігіттің мәйіті табылған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде тұрған студент қыз да көз жұмған. Марқұм келіншек газы бар үй деп бұл пәтерге жуырда ғана көшіп келген екен. Оның артында 2,4,5 жастағы үш қызы мен күйеуі қалды. Оқиға болған уақытта жолдасы жұмыста, қыздары балабақшада болған екен.
Үй тұрғындарының бірі алғаш болып 20 жастағы қыздың денесі табылғанын айтты. Пәтер иесі үйін тексеруге келген кезде ванна бөлмесінің есігі ішінен құлыптаулы тұрғанын байқаған. Есікті ашқан кезде қыздың ваннада жансыз жатқанын көріп, полиция шақырған.
Оқиға орнына келген құтқарушылар подъезді тексеріп, басқа пәтерлерді де ашқан. Тексеру барысында тағы бірнеше адамның мәйіті табылған.
Тұрғындардың сөзінше, подъезде газдың иісі бірнеше күн бұрыннан сезілген, алайда ешқандай шара қолданылмаған.
Полиция департаменті бұл дерек бойынша адам өліміне әкеп соққан қызмет көрсету бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.



