Қауіпсіздік бақылауы күшеюі керек — Түрік генералы Таяу Шығыстағы ахуалдың Қазақстанға әсері туралы
Иран мен АҚШ, Израиль арасындағы қарулы қақтығыстың арты не болады? Бұл ауқымды соғыстың басы ма, әлде бір мезеттік шиеленіс пе? Осы сауалдарға жауап іздеп Tiek.kz Түркияның отставкадағы бригадалық генералы Ючел Карауыз мырзаның пікір алған едік.
1) Әскери және стратегиялық бағалау
Tiek: 28 ақпандағы шабуылдар тактикалық әрекет пе, әлде ұзақ мерзімді жоспардың бастамасы ма?
Карауыз:
Бұл бір түндік тактикалық рейдтен гөрі, көпсатылы қысым көрсету (degradation) және тежеу кампаниясының алғашқы кезеңіне ұқсайды. Израиль оны «алдын ала соққы» ретінде сипаттап отыр, ал АҚШ-тың «ірі әскери операциялар» туралы мәлімдемесі операция ауқымының кең екенін аңғартады.
Нысана жиынтығы – зымыран және теңіз компоненттері – саяси сигналдармен, тіпті режим өзгеруі туралы ишаралармен қатар жүруі операцияның әскери ғана емес, психологиялық және дипломатиялық элементтері бар кешенді пакет екенін көрсетеді.
Tiek: Бұл әрекетті халықаралық құқық аясында қалай бағалауға болады?
Карауыз:
Негізгі құқықтық талқылау БҰҰ Жарғысының 51-бабына – өзін-өзі қорғау құқығына тіреледі. «Жақын және тікелей қауіп» бар деген дәлел қажеттілік пен пропорционалдық талаптарына сай келе ме – мәселе осында.
«Алдын ала өзін-өзі қорғау» концепциясы халықаралық деңгейде толық мойындалған емес. Егер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандаты болмаса, заңдылыққа қатысты дау одан әрі күшейеді.
Тәжірибеде мемлекеттер мұндай қадамды өз қоғамына «заңды қорғаныс» деп түсіндіреді, ал қарсы тарап оны «егемендікті бұзу» ретінде сипаттайды.
Tiek: Иранның ықтимал жауабы қандай болуы мүмкін?
Карауыз:
Иран, әдетте, кезең-кезеңімен эскалация тактикасын қолданады.
-
Тікелей: Израильге зымыран және ұшқышсыз аппараттармен соққы жасау.
-
Аймақтық: Парсы шығанағындағы АҚШ немесе коалиция базаларына қысым көрсету.
-
Асимметриялық: Теңіз саудасына қауіп төндіру, кибершабуылдар, делдал күштер арқылы «жоққа шығаруға болатын» әрекеттер.
Иран көбіне ауқымды, бірақ бақыланатын жауап беруге тырысады. Дегенмен қате есептеу қаупі өте жоғары.
2) Аймақтық қауіпсіздік
Tiek: Бұл қақтығыс күш балансын түбегейлі өзгерте ме?
Карауыз:
Қысқа мерзімде – иә. Тежеу архитектурасы қайта қаралады. Бірақ ұзақ мерзімді нәтиже Иранның жоғалтқан әлеуетін қаншалықты тез қалпына келтіретініне және АҚШ пен Израильдің қысым қарқынына байланысты. Ойын аяқталған жоқ, тек жаңа ережелермен жалғасып жатыр.
Tiek: Қақтығыс Сирия, Ливан немесе Иракқа таралуы мүмкін бе?
Карауыз:
Таралу қаупі жоғары. Аймақ қазірдің өзінде прокси желілермен өрілген. Әсіресе Ливан бағыты мен Ирак–Сирия желісі – ең осал нүктелер. Мұндай дағдарыста тек негізгі майдан ғана емес, жанама майдандар да қауіпті.
Tiek: Түркия қандай ұстанымда болуы керек?
Карауыз:
Түркия үшін басты мақсат – соғыстың кеңеймей, энергия және теңіз саудасының үзілмеуі, сондай-ақ шекара қауіпсіздігінің сақталуы.
Ұсынылатын бағыт:
-
Эскалацияны төмендететін дипломатия + қорғаныс дайындығын күшейту;
-
Сирия мен Иракта провокацияларға қарсы жедел әрекет жүйесін күшейту;
-
Энергия жеткізуді әртараптандыру және баға шоктарына қарсы экономикалық буфер құру.
3) Әлемдік экономика және қауіпсіздік
Tiek: Мұнай нарығына әсері қандай болады?
Карауыз:
Алғашқы реакция – тәуекел үстемесі. Баға тез өседі, кейін Ормуз бұғазы мен жеткізілімге қатысты нақты жағдайға қарай тұрақталады. Егер Ормузда немесе Парсы шығанағы инфрақұрылымында үзіліс болса, тұрақты әрі күрт өсім ықтимал.
Tiek: Ормуз бұғазы жабылса не болады?
Карауыз:
Ормуз – әлемдегі ең стратегиялық энергетикалық өткелдердің бірі. Ондағы үзіліс жаһандық сауда мен инфляцияға ауыр соққы болар еді. Тіпті толық жабылмаса да, сақтандыру, тасымал құны және логистикалық кешігулер әлемдік нарыққа қысым жасайды.
Tiek: НАТО ортақ позиция ұстана ала ма?
Карауыз:
Егер НАТО мүшесіне тікелей шабуыл болмаса, ортақ ұстаным әдетте «шиеленісті төмендету және теңіз қауіпсіздігін қорғау» деңгейінде қалады. Бірақ дағдарыс ұлғайса, координация күшейеді. Дегенмен барлық мүшенің бірдей қатаң позиция ұстануы оңай емес.
4) Қазақстан және Орталық Азия
Tiek: Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді?
Карауыз:
Бірінші әсер – энергия бағасы мен логистика арқылы сезіледі. Қазақстан экспорты үшін маңызды инфрақұрылымдағы кез келген іркіліс табысқа әсер етеді.
Tiek: Қысқа мерзімді пайда ма, әлде ұзақ мерзімді қауіп пе?
Карауыз:
Қысқа мерзімде жоғары баға табыс әкелуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді тәуекелдер – логистикалық әлсіздік, инвестициялық белгісіздік – ауыр басуы ықтимал.
Tiek: Радикал топтар белсенділігі арта ма?
Карауыз:
Аймақтық тұрақсыздық экстремистік топтарға мобилизация мүмкіндігін береді. Сондықтан қауіпсіздік бақылауы күшеюі керек.
Tiek: Көпвекторлы саясат ұстанатын елдер қалай тепе-теңдік сақтауы тиіс?
Карауыз:
Бұл – тарап таңдау емес, тәуекелді басқару.
-
Дипломатиялық тіл – салқын әрі бейтарап;
-
Экономикада санкциялық тәуекелдерді барынша азайту;
-
Қауіпсіздік саласында шекара және стратегиялық нысандарды қорғауды күшейту.
5) Стратегиялық болжам
Tiek: Алдағы 3–6 айда не күтуге болады?
Карауыз:
Ең ықтимал сценарий – шектеулі, бірақ қайталанатын соққылар. Толық ауқымды соғыс екі тарап үшін де тым қымбат. Бірақ қате есептеу қаупі өте жоғары.
Tiek: Бұл жаңа «қырғи-қабақ» кезең бе?
Карауыз:
Аймақта мұндай сипат бұрыннан бар еді. Қазір ол ашық әрі ыстық формаға өтуі мүмкін.
Tiek: Тұрақтылыққа жетудің жолы қандай?
Карауыз:
Үш шарт қажет:
-
Эскалацияны бақылау арналары;
-
Кезеңдік әрі тексерілетін келісімдер;
-
Аймақтық теңіз және энергетикалық қауіпсіздік режимі.
Әйтпесе әр операция келесі қақтығысқа жаңа себеп болады.



