25 ақпанда Мәжіліс отырысында депутат Асхат Рахымжанов Бас прокурор мен ҰҚК төрағасының атына сауал жолдап, қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстарын тексеруді сұраған еді.
Сондай-ақ депутат сауалында бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен экс-банкир Қайрат Келімбетовтің аты аталады
Бүгін Ақорда кулуарында Бас прокурор Берік Асылов журналистерге Қазақстанда Джеффри Эпштейнге қатысты жарияланған материалдарға қатысты алдын ала тексеру басталғанын айтты.
«Бұл – маңызды мәселе. Депутат сауал жолдады. Әлем талқылап жатыр. Сондықтан біз құқық қорғау органы ретінде осы деректерді қарап, тексеріп жатырмыз», – деді Бас прокурор.
Журналистер сонымен қатар Эпштейннің Қазақстанға келген-келмегені және оның Кәрім Мәсімовпен байланысын сұрады. Бұл сауалға да прокурор тексеру жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ жекелеген тұлғалардың шетелге шығуына қатысты деректер де қосымша зерттелмек. Алайда Асылов нақты есімдерді атай қоймады.



