Ақмола облысында болған жарылыста қаза тапқандардың аты-жөні белгілі болды
Жетінші марқұмның жеке басы әзірге анықталған жоқ.

Ақмола облысында болған жарылыста қаза тапқандардың аты-жөні жарияланды.
Қайғылы оқиға салдарынан жеті адам көз жұмған.
Олардың бесеуі жедел жәрдем жеткенге дейін көз жұмса, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген алғашқы минуттарда қайтыс болған.
Қаза тапқандар:
- Ирина Попова
- Елизавета Казанцева
- Наталья Никитина
- Вячеслав Евдокимов
- Зухредин Ашуарбеков
- Маргарита Явкина
Жетінші марқұмның жеке басы әзірге анықталған жоқ. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің мәліметінше, қазір ауруханаларда 13 адам ем қабылдап жатыр. Олардың да жағдайы өте ауыр.
«Түнде алты науқас көпбейінді облыстық ауруханаға эвакуацияланды, барлығы жансақтау бөлімінде жатыр. Бурабай аудандық ауруханасында жеті адам ем қабылдауда, оның төртеуінің жағдайы ауыр. Қалған үшеуі травматология бөлімінде жатыр», – деді Нариман Ермек.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің басым бөлігінде бет, қол және аяқтың үстірт күйіктері тіркелген.
«Кейбір науқастарда ингаляциялық күйік бар, яғни ішкі тыныс жолдары зақымданған. Негізгі диагноз күйік ауруы және термиялық шок. Науқастардың жағдайының ауыр болуына осы факторлар әсер етіп отыр», – деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басшысы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртеніп жатқан дәмханадан әрқайсысы 50 литрлік бес газ баллоны және екі оттегі баллоны шығарылған.
«Осылайша ғимарат ішінде қайталама жарылыстардың алдын алу мүмкін болды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.



