Денсаулық

Қазақстанда дәрілік заттарды тіркеу мерзімі қысқаратын болды

Қазақстанда дәрілік заттарды тіркеу мерзімі екі есеге жуық қысқаратын болды. Мәжіліс тиісті заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды tiek.kz.

Депутат Айгүл Құспан қазіргі таңда дәрілерді тіркеу рәсімі ресми түрде 140-210 күн аралығында жүргізілуі тиіс екенін, алайда іс жүзінде бюрократиялық кедергілерге байланысты бұл процесс кейде бірнеше жылға созылатынын атап өтті. Яғни қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша дәріні тіркеу немесе қайта тіркеу 210 күнге дейін, яғни шамамен 7 айға созылады.

Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, бұл мерзім 100 күнге дейін қысқарады. Нәтижесінде жаңа препараттар нарыққа тезірек шығып, пациенттер қажетті дәрілерге жедел қол жеткізе алады.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтикалық компаниялардың өтінімін күтпей-ақ, Қазақстан үшін әлеуметтік маңызы бар немесе қажет деп танылған дәрі-дәрмектерді тіркеу жөнінде өз бетінше өтінім беру құзыреті беріледі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов жаңа механизм дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, реттеу жүйесі жоғары елдерден — АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Еуропалық одақ мемлекеттерінен келетін дәрілерді тіркеу мерзімі 15 тәулікке дейін қысқарады. Ал реттеу талаптары төмен елдер үшін тіркеу уақыты 100 күнге дейін азайтылады.

Сондай-ақ министрлік бұрын рәсімдердің созылып кетуіне себеп болған шетелге инспекторлар жіберу тәжірибесінен бас тартатынын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, дәрілік заттарды өндіруде қолданылатын субстанциялар мен бастапқы материалдардың сапасын бақылау тетігі енгізіледі. Бұл фармацевтикалық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button