
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру аяқталды.
Сағат 20:00-де елдегі сайлау учаскелері жабылып, комиссия мүшелері дауыстарды санауға кірісті, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы.
Бұл жолы қазақстандықтар бес жыл мерзімге 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлады. Дауыс беруге арналған 10 338 учаске жұмыс істеді. Сайлаушылар тізіміне 12 679 459 адам енгізілген. Оның ішінде 101 учаске таңғы сағат 06:00-де, қалғаны 07:00-де ашылды.
Орталық сайлау комиссиясының сағат 16:00-дегі алдын ала мәліметі бойынша, сайлаушылардың 53,86%-ы дауыс берген. Ең жоғары белсенділік Түркістан облысында тіркеліп, 69,84%-ды құрады. Ал ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында болды – 33,73%.
Сайлауды бақылауға 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттелді. Оның 13-і Орталық сайлау комиссиясында, 245-і аумақтық сайлау комиссияларында тіркелген.



