Сайлау - 2026

Еңбек ардагерлері мен еңбек әулеттері мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатыр

Бүгін елімізде өтіп жатқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында әр буын өкілдері мен түрлі сала мамандары жоғары азаматтық жауапкершілік танытып жатыр. Сайлау учаскелеріне еңбек ардагерлері, еңбек әулеттері, мұнайшылар, теміржолшылар, педагогтер мен қолөнершілер отбасымен және еңбек ұжымдарымен бірге келіп дауыс беруде, деп хабарлайды Tiek.kz.

104 жастағы тыл еңбеккері ақ батасын берді

Саяси науқанға қатысқан ең жасы үлкен сайлаушылардың бірі – Алматы облысы Кеген ауданының Ұзынбұлақ ауылында тұратын 104 жастағы тыл ардагері Күлпара Шортанова. Соғыс жылдары тылда еңбек етіп, Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңінің куәгері болған кейуана өз таңдауын жасаған соң қазақы дәстүрмен елге ақ батасын берді.

Сондай-ақ Алматы қаласындағы №68 сайлау учаскесінде еңбек ардагері, Алматы қалалық кеңесі атқару комитетінің бұрынғы хатшысы Людмила Артамонова дауыс беріп, елдегі бейбітшілік пен экономиканы дамытудың, азаматтардың денсаулығын қорғап, отбасылардың әл-ауқатын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ал Алматы облысының Райымбек ауданында еңбек ардагері Гүлдария Алтынбекова №783 сайлау учаскесіне барып, азаматтық борышын орындады.

Ұлттық киіммен келген қолөнершілер мен еңбек әулеттері

Өңірлерде ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан танымал еңбек әулеттері де сайлаудан шет қалмады:

  • Шымкенттегі қолөнершілер әулеті: Белгілі шығармашылық отбасы – Бейсбековтер әулеті Қазиев көшесіндегі №2 «Дарын» дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепте орналасқан №1 сайлау учаскесіне түгелдей келді. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін дәріптеп, шеберлік сырларын ұрпақтан ұрпаққа үйретіп жүрген әулет өкілдері учаскеге ұлттық ою-өрнекпен безендірілген киіммен келіп дауыс берді.

  • Маңғыстаудағы теміржолшылар әулеті: Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылындағы №195 сайлау учаскесіне «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі екінші орын алған Амировтер еңбек әулеті келді. Әулет басшысы Табылды Амиров – құрметті теміржолшы және Маңғыстау облысының құрметті азаматы.

  • Жаңаөзендегі ардагерлер отбасы: №5 мектеп-гимназиядағы №75 сайлау учаскесінде «Құтты шаңырақ» облыстық байқауының «Алтын шаңырақ» номинациясының жеңімпаздары, еңбек ардагерлері Саламатдин Жүгенбаев пен Ағия Балықбаева бірге дауыс берді.

  • Батыс Қазақстандағы педагогтер әулеті: Шыңғырлау ауданындағы №423 сайлау учаскесінде ұзақ жылдар бойы балаларға білім мен тәрбие беріп келе жатқан Тұрмағамбетовтер педагогтер әулетінің өкілдері өз таңдауын жасады.

Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жүрген мұнайшылар да дауыс беруде

Өндіріс орындары мен кен орындарында еңбек етіп жүрген жұмысшылар үшін де дауыс беруге барлық жағдай жасалған. Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері Абай Құнанбаев атындағы №19 орта мектепте орналасқан №76 сайлау учаскесіне ұйымшылдықпен келіп дауыс берді.

Ал Атырау облысындағы Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылар үшін тікелей кен орны аумағында төрт дауыс беру пункті ашылды. «Теңізшевройл» компаниясы аудандық сайлау комиссиясымен бірлесіп, қызметкерлердің жұмыс кестесін ескере отырып, оларды дауыс беру орындарына жеткізу үшін арнайы көлік ұйымдастырды.

Еске сала кетейік, бүгін, 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Саяси науқан қорытындысы бойынша елдегі 228 мәслихаттың 3 447 депутаты сайланады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button