
Қазақстанда 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енеді.
Яғни бұдан былай айыппұл тек жол ережесін бұзғандарға ғана емес, кез келген әкімшілік тәртіп бұзушылық үшін автоматты түрде жазылады.
Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, бұған дейін автоматты түрде тіркеу көбінесе жылдамдық асырған немесе қызыл жарыққа өткен жүргізушілерге қатысты қолданылып келсе, енді цифрлық жүйелер арқылы кез келген әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, айыппұл дереу жазылады.
Әкімшілік кодекстің 31-бабында цифрлық жүйелер арқылы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша хаттама толтырмай-ақ, тікелей айыппұл салу қарастырылған. Мұндай жағдайда деректер әкімшілік өндірістің бірыңғай реестрімен интеграцияланған жүйелер арқылы өңделеді.
Заңда көлік құралдарына қатысты тәртіп бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу тәртібі де жеке көрсетілген, мұнда бұрынғыдай көлік иелері жауапқа тартылады.
Жаңа жүйе арқылы қандай әрекеттер үшін айыппұл салынуы мүмкін:
- Көшеде қоқыс немесе темекі тұқылын тастау (2026 жылы 43 250 теңге);
- Темекіні тыйым салынған жерде шегу;
- Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту;
- Заңсыз сауда немесе алкогольді сатуға рұқсат етілмеген уақытта сату (ақылды камералар бар орындарда).
Егер цифрлық жүйе адамның жеке басын анықтап, ақпаратты мемлекеттік деректер базасымен растаған жағдайда, хаттамасыз бірден айыппұл жазылады.



