Қоғам
Тренд

ТЖМ: отандық технологиялық шешімдер шетелдік мамандар тарапынан жоғары баға алды

Елімізде Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында инновациялық құралдарға басымдық бере бастады. Бүгінде құтқару бөлімшелерінде заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттары мен цифрлық бақылау жүйелері белсенді енгізіліп жатыр.

Айта кетерлігі, мұндай отандық тәжірибе халықаралық деңгейде талқыланып жатыр. Нақты айтар болсақ, 2026 жылдың 13 қарашасында Шымкент қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің отырысы өтті. Қазақстан тарапы шетелдік делегацияларға апат қаупін азайту тәсілдерін кеңінен таныстырды. Өз кезегінде апаттардың алдын алудағы отандық технологиялық шешімдер шетелдік мамандар тарапынан жоғары баға алды.

Алқалы жиын аясында ұйымдастырылған арнайы көрмеде отандық құтқарушылардың жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасы, заманауи жабдықтары және жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін басқару жүйелері көрсетілді. ТМД елдерінің құтқару ведомстволары басшылары мен сарапшылары Қазақстанның жедел әрекет ету алгоритмдеріне жоғары баға берді. Жиын қорытындысы бойынша Достастық мемлекеттері цифрлық технологияларды енгізу және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында өзара тәжірибе алмасуды одан әрі кеңейтуге уағдаласты.

Қазіргі таңда табиғи және техногендік сипаттағы апаттардың алдын алу құтқару қызметтерінен жоғары жеделдік пен дәлдікті талап етеді. Осыған байланысты министрлік апат салдарымен күресуден гөрі, қауіп-қатерді ерте кезеңде анықтауға және озық технологиялық шешімдерді тәжірибеге енгізуге ерекше назар аударып отыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде ТЖМ құрылымдарында 242 ұшқышсыз ұшу аппараты бар, оның 187-сі жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған.

Жоғары ажыратымдылықтағы камералар мен сезімтал тепловизорлар орнатылған дрондар түнгі уақытта, қалың тұман мен қою түтін арасында да мүлтіксіз жұмыс істей алады. Жасанды интеллект алгоритмдері әуеден түсірілген бейнені нақты уақыт режимінде талдап, адамдарды, көлік құралдарын және судағы жүзу нысандарын автоматты түрде анықтайды да, операторға бірден дабыл белгісін береді. Сонымен қатар құтқарушылардың арсеналына алдын ала белгіленген бағыт бойынша өздігінен ұшып, тапсырманы орындаған соң арнайы док-станцияға қайта қонатын автономды аппараттар да енгізілді. Бұл адам факторына тәуелділікті азайтып, барлау жұмыстарын үздіксіз жүргізуге мүмкіндік береді.

Цифрлық құралдардың нақты нәтижесі статистикалық көрсеткіштерден айқын көрінеді. 2026 жылдың басынан бері құтқарушылар дрондардың көмегімен 5 мыңға жуық барлау және іздестіру-құтқару операциясын жүргізіп, соның нәтижесінде 28 адамның өмірін аман алып қалды. Инновациялық шешімдер таулы және жетуі қиын аймақтарда жоғалған туристерді табу, орман өрттерінің ошағын бастапқы кезеңде анықтау және көктемгі су тасқыны қаупі бар өзен арналарын бақылау жұмыстарын айтарлықтай жеделдетті. Бұрын бірнеше күнге созылатын іздестіру шаралары қазір санаулы сағаттардың ішінде оң нәтиже беруде.

Мамандардың айтуынша, ТЖМ-нің инновациялық құралдарға басымдық беруі құтқарушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің азаматтық қорғау жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге жол ашады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button