Қоғам
Абай облысының әкіміне арналған ән желіден өшірілді

Желіде Абай облысының әкімі Берік Уәли туралы ән тарап жатыр. Әкімнің атқарған жұмысын мадақтауға арналған бұл әнді Ернұр Дүйсен мен Қуантқан Қуанышханұлы есімді семейлік асабалар жазған.
«Әкімге қошемет» деп аталатын әннің бейнежазбасы 25 қараша күні кешке Instagram және TikTok желілерінде жарияланған. Алайда әкімге ән шығарған бұл бейнежазба жұрттың сынына ұшырады, деп хабарлайды tiek.kz.
Осыған байланысты облыс әкімдігі ресми түсініктеме беріп, әнге тапсырыс бермегенін мәлімдеді. Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым асабалардың мемлекеттік органдар мен мәдениет мекемелерінде жұмыс істемейтінін, әнді өз бастамаларымен шығарғанын айтты.
«2026 жылғы 25 қараша күні кешкі уақытта Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде аталған бейнежазба жарияланғаны анықталды. Оны көрген бойда бейнежазбаны әлеуметтік желілерден дереу өшіру жөнінде талап қойылды. Нәтижесінде авторлардың парақшаларынан видео алынып тасталды. Алайда сол аралықта бейнежазбаның көшірмелері жасалып, WhatsApp мессенджері мен өзге де ақпараттық арналар арқылы таралып үлгерген.
Осы ретте бір маңызды жайтты нақтылап өткіміз келеді. Аталған бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен әзірленіп, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ.
Әсіресе, мемлекеттік органдардың, өңірлік мекемелер мен ресми тұлғалардың атын немесе беделін қандай да бір жеке бастамалармен байланыстыруға қатысты мәселеде ақпараттың анықтығы мен шынайылығы сақталуы қажет деп санаймыз.
Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларынан ақпарат тарату кезінде оқиғаның нақты мән-жайын ескеруді, расталмаған мәліметтер мен жаңсақ пайымдарға жол бермеуді сұраймыз»,- деп жазған Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы.



