«Ауыл» партиясы еліміздің 20 өңірінде сайлау науқанының қорытындысын шығарды

Қазақстанның барлық 20 өңірінде «Ауыл» партиясының өңірлік сайлау штабтарының қорытынды отырыстары өтті. Жиындарда сайлау науқаны барысында атқарылған ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстары сараланып, алдағы кезеңнің негізгі басымдықтары айқындалды, деп хабарлайды Tiek.kz.
1 405 кездесу және 440 үміткер: Науқанның негізгі көрсеткіштері
Сайлау науқаны кезінде партиялық тізім және бірмандаттық округтер бойынша ұсынылған кандидаттар халықпен етене жұмыс істеді. Еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен және түрлі әлеуметтік-кәсіби топ өкілдерімен барлығы 1 405 үгіт кездесуі ұйымдастырылды:
-
980 кездесу – аудандық деңгейде;
-
377 кездесу – қалалық деңгейде;
-
48 кездесу – облыстық деңгейде өтті.
Жалпы сайлауға «Ауыл» партиясы атынан 440 кандидат (373 ер адам, 67 әйел) қатысты. Оның 112-сі партиялық тізім бойынша, ал 328-і бірмандаттық сайлау округтері бойынша бақ сынады. Бірмандаттық округтердегі үміткерлердің 241-і аудандық, 51-і қалалық, 36-сы облыстық мәслихат депутаттығына ұсынылған.
Тұрғындардың ұсыныстары алдағы жұмысқа арқау болады
Қорытынды отырыстарда өңірлік штабтар мен қалалық, аудандық филиалдардың, сенімді өкілдердің және ақпараттық топтардың қызметіне жан-жақты баға берілді. Өңірлік штаб жетекшілері науқанды ұйымдастыруға белсене атсалысқан барша азаматқа, әсіресе еріктілер мен жастардың еңбегіне ерекше алғыс білдірді.
Партия өкілдері сайлау науқанының аяқталуын саяси ұйым қызметіндегі жаңа кезеңнің бастауы деп бағалап отыр. Кездесулерде ауыл тұрғындары көтерген әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен өтініштер партияның алдағы жұмысының басты бағдарына айналмақ. «Ауыл» партиясы өңірлер мен ауылдық аумақтарды дамыту, халықтың мүддесін қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра бермек.



