Экономика
Тренд

Шикізаттан – жоғары технологияға: Атырау мұнай-газ химиясының жаңа дәуірі

Бір ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстанның мұнай шежіресі бастау алған Атырау өңірі бүгінде түбегейлі өндірістік трансформацияны бастан кешіруде. Ендігі басты мақсат – жер қойнауынан «қара алтын» мен газды жай ғана өндіру емес, оны жасанды интеллект арқылы тиімді игеру және ел ішінде терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын полимер өнімдеріне айналдыру. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Атырау облысындағы үш бірдей стратегиялық тірегі – «Ембімұнайгаз» АҚ, KPI және «Silleno» жобалары отандық индустрияның осы жаңа келбетін айқын көрсетіп отыр.

Ғасырлық тәжірибе мен жасанды интеллект: «Ембімұнайгаздың»
цифрлық серпілісі
Фото: tiek.kz

Тарихы 1922 жылы құрылған «Ембімұнай» тресінен бастау алатын «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) – отандық мұнай өнеркәсібінің қарашаңырағы әрі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100 пайыз еншілес кәсіпорны. Бүгінде 4 600-ге жуық адам еңбек ететін компанияның балансында 41 кен орны бар, оның 32-сі белсенді игерілуде. Кәсіпорын ел бюджетінің ірі салық төлеушілерінің бірі: 2025 жылы мемлекет қазынасына 125,308 млрд теңге салық аударып, 2 млн 850 мың тонна мұнай өндірді. Ал 2026 жылдың 10 айында өндіріс көлемі 2
495 647 тоннаға жетіп, жоспар 61 333 тоннаға артық орындалды. Алдағы бесжылдық бизнес-жоспардағы меже – жылдық өндірісті 3 миллион тоннадан асыру.

Дегенмен Ембі кен орындарының басым бөлігі – байырғы әрі қорларының сарқылу деңгейі орта есеппен 70 пайызға жеткен кеніштер. Қалған 75 млн тонна өндірілетін қорды тиімді игеру және жаңа көкжиектерді ашу үшін компания геологиялық барлаумен қатар, өндірісті жаппай цифрландыруға көшті. Соның ең жарқын мысалы – «Қайнармұнайгаз» басқармасына қарасты Шығыс Молдабек кен орнында «ҚазМұнайГаз Инжиниринг» әзірлеген ABAI ақпараттық жүйесі базасында іске қосылған «Цифрлық телнұсқа»
пилоттық жобасы.

Фото: ҚазМұнайГаз

Мұндағы 300-ден астам өндіруші ұңғыма мен топтық өлшеу қондырғыларынан деректер әр 5 минут сайын бірыңғай орталыққа онлайн режимде түсіп тұрады. Жасанды интеллект бұрын мамандардың бірнеше ай уақытын алатын есептеулерді небәрі бірнеше сағатта орындап, Шығыс Молдабекті игерудің 700-ге жуық сценарийін саралап шықты. Нәтижесінде 2027 жылы 6 көлбеу-бағытталған ұңғыма бұрғылаудың орнына 2 көлденең ұңғыма қазу жеткілікті екені дәлелденіп, шығындар оңтайландырылды. Жалпы алғанда, цифрлық телнұсқа мен жаңа геотехникалық шаралар Шығыс Молдабекте игерілуі қиын мұнай қорын айналымға тартып, 2027 жылдан бастап бес жыл ішінде қосымша 160-161 мың тонна мұнай өндіруге, ал өндіру шығындарын 5 пайызға және еңбек шығындарын 15 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Бұл тек қана цифрландыру жұмыстары емес, бұл – жалпы кен орнынан шығатын барлық мәліметтердің бір орталыққа жиналып, тиімді талданып, ең оңтайлы шешімдер қабылдау үшін қолданылатын үлкен құрал. Осы орталықта инженерлер, экономистер, геологтар, мұнай өндіру және дайындау технологтары бірлесіп жұмыс істейді», — дейді «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Ринат Ізмұханбет.

Цифрлық шешімдер жұмысшыларды қысқартуға емес, керісінше еңбек қауіпсіздігі мен инженерлік мәдениетті арттыруға бағытталған. Электрондық рұқсат-нарядтар жүйесі (ЭРН) құжат рәсімдеу уақытын 1-3 күннен 1-3 сағатқа дейін қысқартып, автокөлік жүрісін айына 2 700 шақырымға азайтты. Сонымен бірге ұңғымаларды жөндеу агрегаттарына бейнеаналитика орнатылып, кен алаңдарында 32 медициналық пункт пен 20 SmartScan жедел медициналық тексеру терминалы жұмыс істеп тұр.

«Бұрын барлық операциялар қолмен және техникамен жасалса, қазір соның бәрі цифрландырылып отыр. Соның арқасында біздің жұмысымыздың интеллектуалдық әлеуеті жоғарылайды деп есептеймін», — деп атап өтті Ринат Ізмұханбет.

Компания ілеспе газды кәдеге жарату мен экологиялық тепе-теңдікке де айрықша мән береді. Кен орындарында салынып жатқан 9 газ-поршеньді электр станциясы (ГПЭС) жылына 60,3 млн текше метр ілеспе газды жағып, кәсіпорынның электр энергиясына деген қажеттілігінің 67,4 пайызын өзі өтеуге жол ашады. Ал 2022-2026 жылдар аралығында «Жасыл белдеу» бастамасы аясында Атырау облысының 87,5 гектар аумағына 75 048 түп ағаш көшеті отырғызылды.

Импортқа тәуелділікті 21 есе қысқартқан алып: KPI зауытының феномені

Жер қойнауынан алынған көмірсутекті шикізат күйінде сатпай, дайын өнімге айналдырудың нақты нәтижесін Атыраудағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) көрсетіп отыр. Жылдық жобалық қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы бұл кешен Қазақстандағы газ-химия саласының тұңғыш
қарлығашы саналады.

Зауыттың технологиялық тізбегі аса дәлдікке құрылған. Мұнда Теңіз кен орнынан
жеткізілетін сұйытылған пропан газы америкалық Lummus компаниясының Catofin
технологиясы бойынша 8 циклдік реакторда дегидрленіп, пропиленге айналады, одан
кейін полимерлеу және экструзия сатыларынан өтіп, дайын полипропилен түйіршіктері
алынады.

«Біздің пропанның тазалығы 95 пайызды құрайды, құрамында күкірт секілді зиянды қоспалар жоқ. Бұл – тұрмыста ас әзірлеуге қолданылатын газ баллондарындағы таза пропанның нақ өзі. Біз оны терең өңдеп, күріш дәніндей аппақ полипропилен түйіршіктеріне айналдырамыз», — деп түсіндірді KPI ЖШС өндіріс директорының
орынбасары Азамат Жұлымбетов.

KPI іске қосылғалы бері Қазақстанның полимер нарығындағы ахуал түбегейлі өзгерді. Егер 2022 жылы еліміздегі полипропиленнің 63 пайызы шетелден импортталса, бүгінде импорт үлесі 3 пайызға дейін, яғни шамамен 21 есеге қысқарды. 2026 жылдың 10 айында кәсіпорын 288 мың тоннаға жуық полипропилен өндіріп, оның 80 пайызын отандық өңдеушілерге бағыттады. Ал Астана (500 тонна), Алматы (2 000 тонна) және Шымкент (1000 тонна) қалаларында өңірлік логистикалық қоймалардың ашылуы шағын және орта
бизнеске шикізат жеткізу мерзімін 14 күннен 1 күнге дейін қысқартты.

«Қазіргі таңда полипропиленнің 15-тен астам маркасын шығарып отырмыз. Одан кәдімгі тұрмыстық ыдыстар мен тағамдық үлдірден бастап, құбырлар мен Шымкенттегі «Бал Текстиль» фабрикасы тоқитын кілемдерге дейін жасалады. Өнімдерімізді Еуропа елдеріне,
Түркияға, Ресей мен Қытайға экспорттаймыз», — дейді KPI дайын өнімді өлшеп орау және сақтау өндірісінің директоры Азамат Мұздақов.

Отандық шикізаттың қолжетімді болуы еліміздегі өңдеуші кәсіпорындар санын 2022 жылғы 15-тен 181-ге дейін көбейтті. Олардың қатарында жылына 5 млн шаршы метрден астам кілем тоқитын Bal Carpet, сүт өнімдеріне арналған 200 млн-нан астам ыдыс шығаратын «EGP + I» және жиһаздары шетелде сұранысқа ие Zeta компаниялары бар. Айта кетерлігі, KPI ұжымының 83 пайызы – Атырау облысының тұрғындары, ал
қызметкерлердің орташа жасы – небәрі 35 жас.


Орталық Азияда теңдесі жоқ мегажоба: «Силлено» полиэтилен кешені

Қазақстанның мұнай-газ химиясындағы келесі тарихи белес – «ҚазМұнайГаз», қытайлық Sinopec және ресейлік СИБУР компанияларының серіктестігімен салынып жатқан «Силлено» ЖШС полиэтилен өндіру кешені. Жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін бұл зауыт әлемдік полиэтилен өндірісінің шамамен 1 пайызын құрамақ. Оның өндірістік қуаты Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжандағы осындай зауыттардың жиынтық қуатынан да асып түседі.

«Қазіргі таңда елімізде полиэтилен зауыты жоқ, сондықтан бұл өнім толығымен дерлік шетелден әкелінеді. Біздің басты басымдығымыз – ішкі нарықты отандық полиэтиленмен қамту, ал одан артылғанын экспортқа шығару. Қуаттылығы жағынан бұл зауыт Өзбекстан,
Түрікменстан және Әзербайжандағы осындай кәсіпорындардың жиынтық қуатынан асып түседі», — дейді «Силлено» ЖШС полимерлеу жобасының жетекшісі Дастан Құлпайстанов.

250 гектар аумақты алып жатқан құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр: жобаның жалпы орындалу деңгейі жоспардағы 33 пайыздың орнына 42 пайыздан асты. Қазір алаңда 5 200-ден астам адам (оның 90 пайызы – қазақстандықтар) мен 680-нен астам арнайы техника жұмылдырылған, ал құрылыс қызған шақта жұмысшылар саны 15 мыңнан аспақ. Кешеннің механикалық дайындығын 2028 жылы аяқтап, 2029 жылы
зауытты толық пайдалануға беру жоспарланған.

Жобаның тағы бір маңызды қыры – қазақстандық қамту мен отандық машина жасаудың жаңа деңгейге көтерілуі. Бүгінде 40-қа жуық отандық компаниямен жалпы сомасы 1,2 млрд АҚШ долларынан асатын келісімшарт жасалған. Соның ішінде «АтырауНефтеМаш» зауыты жасап шығарған биіктігі 101,8 метр (30 қабатты ғимараттан биік), салмағы 1 500 тонна болатын алып этилен фракционаторы құрылыс алаңына әлемдегі ең ірі 4 000 тонналық шынжыр табанды кранның көмегімен сәтті орнатылды. Ал зауыттың «жүрегі» саналатын 6 бірегей пиролиз пешінде Теңізден келетін этан газы 800-850°C температурада
секундтың оннан бір бөлігінде этиленге айналып, арнайы шынықтыру аппараттары арқылы лезде салқындатылады.

«Болашақ зауытты басқаратын негізгі команданың 90 пайыздан астамы өз еліміздің өңірлерінен жиналған білікті мамандар. Олар қазірдің өзінде құрылыс алаңында жүріп, жабдықтардың қалай монтаждалып жатқанын өз көзімен көріп, зауыт-дайындаушылардың
аудиттеріне қатысуда», — дейді «Силлено» ЖШС Операциялық блок департаментінің директоры Денис Козырев.

Болашақ кәсіпорынды білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін халықаралық EPC-мердігерлер Tecnicas Reunidas және Tecnimont (MAIRE) бағдарламалары бойынша жас қазақстандық инженерлер Испания мен Италияда тағылымдамадан өтіп жатыр. Төрт жыл ішінде бұл бағдарламалар 400-ден астам жас маманды қамтымақ.

Осылайша, Атырау өңірінде біртұтас өндірістік экожүйе қалыптасуда: «Ембімұнайгаз» жасанды интеллект арқылы көмірсутек өндірудің тиімділігін арттырса, KPI пропаннан полипропилен өндіріп отандық шағын және орта бизнесті шикізатпен қамтып отыр, ал «Силлено» этаннан полиэтиленнің 15-тен 24-ке дейінгі маркасын (оның 40 пайызы премиум санатта) шығаруға дайындалуда. Бұл жобалар Қазақстанды тек шикізат экспорттаушы елден Орталық Азиядағы жетекші мұнай-газ химиясы хабына айналдыратын берік іргетас қалап отыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button