Мәдениет
Тренд

Мағжан шығармалары жапон мәдениетін бағындырды

Токио қаласында ЮНЕСКО-ға мүшеліктің 75 жылдығына орай Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетіне арналған ерекше іс-шара өтті, деп хабарлайды tiek.kz.

Жиында Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және өкілетті елшісі негізгі баяндама жасап, қос мемлекеттің рухани-мәдени байланысы талқыланды.

Бұл басқосу қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болды. «Жапония–Қазақстан достық көпірі» қауымдастығының өкілі Фуми Фуруяма ақын Абылай Маудановтың «Дайдидау» кітабын көпшілікке таныстырып, ұлт ұстазы Мағжан Жұмабаевтың тағдыры мен шығармашылығына арнайы тоқталды. Оған қоса, қазіргі таңда жапондықтардың таза ниетімен, ешқандай қаржысыз Мағжан туралы шағын поэма жапон тіліне тәржімеленіп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін жапондық өкіл Абылай Маудановтың 50 дана кітабын сатып алып, оны Жапониядағы зиялы қауым мен Димаш Құдайбергеннің фан-клубтарына таратқан еді. Ақын бұл оқиғаны қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейдегі кезекті жеңісі деп бағалайды.
«Биылғы жылдың сәуір айында маған Жапониядан «Қазақстан – Жапония» достық көпірі қауымдастығының өкілдері хабарласып, менен 50 дана «Дайдидау» кітабын сатып алған болатын. Кейін оны көрнекті жерлерге қойып, насихаттап, сондай-ақ біздің еліміздің туы мен рәміздерімізбен қатар қойып, бір құттықтау жіберген еді. Содан бастап арамызда достық орнады», — дейді кітап авторы.

Биылғы жылдың 5 қарашасында Жапония парламентінің халықаралық залында Қазақстан елшілігінің «Дәріс-сәт» деген іс-шарасы өтеді, соған келсеңіз жақсы болар еді деп ұсыныс жасады.

«Мен елшілікке хабарластым, бірақ онда ондай тетік қарастырылмаған екен. Сондықтан қаржылық жағдайымның болмауына байланысты мен оған бара алған жоқпын.

Бірақ сол 120 адам қатысқан халықаралық жиында менің кітабым таныстырылды. Жалғыз менің кітабым ғана емес, Мағжан Жұмабаев, қазақтың әні, «Дайдидау» әні туралы көп мағлұматтар айтылғанын мен бейнебаян арқылы алып жатырмын. Негізі бұл менің өмірім үшін үлкен қуанышты жағдай, өйткені осымен ғана шектелмейді: олар менің осы «Дайдидау» атты туындымды жапон тіліне аударып жатыр. Оған дейін испандықтар өз ниетімен аударған еді. Бұл жерде ешқандай қысталау жоқ, қаржылық қызықтыру жоқ — олардың таза ықыласы.

Бұл менің ғана емес, қазақ әдебиетінің үлкен бір белесі деп ойлаймын. Өйткені бұл жерде маған емес, Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына қызығушылық ауып жатыр. Бұл негізгі менің көздеген мақсатым да сол болатын. Сондықтан ол мақсатым орындалып келе жатыр деп ойлаймын. Әлі де әлемнің басқа елдерінде сұраныстар бар. «Дайдидау» әні туралы мен 2005 жылы жазған дүнием, 20 жылдан кейін осындай жарыққа шығарған болатынмын. Бұл туынды Мағжан Жұмабаевқа арналады. Ол — XX ғасырдағы түркі әлемінің үлкен алып ақыны. Ол қазақтың үлкен мықты ақыны; ондай алып, отты ақын әлемде аз деп ойлаймын. Сол енді менің осы шығармамды оқыған адам: «Сол Мағжан Жұмабаевтың осындай да ұлылығы бар екен ғой» деп қызығушылық білдіріп жатса, ол мақсатымның орындалғаны», — дейді Абылай Мауданов.

Тіпті осы жаңағы тұсаукесерден кейін авторға Жапонияға келсеңіздер деген шақыру түскен.
«Біз оған дейін өзіміздің бейнежазбаларымызды жіберген болатынбыз. Біздің қазақтың әні не, сол мәдениеті не — ол жақта қызығушылық зор екен. Құдай қаласа, ол да болады деп ойлаймын.
Аталмыш кітап төрт тілде — қазақ, орыс, ағылшын және түркі тілдерінде жарық көрген. Сондай-ақ, өз бетінше аударып жатқан елдер бар.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button