«Адамдар қатты айқайлады»: Алматыдағы өрттен аман қалған әйел оқиғаның мән-жайын айтты
Қаза тапқандардың арасында төртінші сынып оқушысы бар

Анар Тұрғанбаева отбасымен бірге өрт шыққан үйдегі бөлмелердің бірін жалдап тұрған. Оның айтуынша, өрт таңғы сағат төрттер шамасында басталған. Әйел ұйқысынан оянып, терезеден сыртқа қарағанда үйдің шатыры өртеніп жатқанын көрген.
«Таңғы сағат төртте өзім оянып кеттім. Терезеге қарасам, аспанның түсі өзгеріп, айнала қызарып тұр. Сыртқа үңіліп едім, шатырдан жалын шығып жатқанын көрдім. Қатты қорықтым. Үйіміз өртеніп жатқанын түсіндім», – деді Анар Тұрғанбаева.
Оның сөзінше, үйден негізгі кіреберіс арқылы шығу мүмкін болмаған. Есікті ашқанда, дәлізді қою түтін басып тұрған.
«Үйдегілердің бәрін ояттым. Есікті ашып қарасам, арғы жақты қою түтін басып кетіпті. Иісі де өте өткір, жағымсыз. Дем алу мүмкін болмады. Сондықтан есікті қайта жауып, терезеден шықтық. Әркім қолына іліккенін алып, сыртқа жүгіріп шықты», – дейді ол.
Отбасы жалдаған бөлменің терезесі көрші аулаға қараған. Анардың айтуынша, ол аулада ешкім тұрмаған, өйткені аумақты босатуға дайындалып жатқан. Тұрғындар үйден сол аула арқылы шыққан.
Әйелдің сөзінше, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көп ұзамай оқиға орнына жеткен.
Қаза тапқандардың арасында төртінші сынып оқушысы бар
Анардың айтуынша, өрттен қаза тапқан бес адамның барлығы осы үйде бөлме жалдап тұрған көршілері болған.
Оның сөзінше, марқұмдардың арасында екі ер адам, 60 жастағы әйел, оның 40 жастағы қызы және төртінші сыныпта оқитын қыз бала болған. Тағы бір отбасы үш кішкентай баласымен бірге өрттен аман қалған.
Көршілердің айтуынша, үйдің іші ортақ дәліз арқылы бірнеше бөлмеге бөлінген. Әр бөлмеде екі-үш адамнан тұрған.
«Біз тұрған үй дәліз үлгісінде салынған. Бөлмелердің есігі бір жаққа қарайды. Келесі бөлмеде екі әйел тұратын, олар да шыға алмай қалды. Одан кейінгі бөлмеде екі жігіт бар еді, олар да аман қалмады. Үйде жеті-сегіз бөлме болған шығар. Әр бөлмеде екі-үш адамнан тұратын», – дейді Анар.
Көршілердің айтуынша, үйдің бұрынғы тұрғындары шамамен екі апта бұрын көшіп кеткен болуы мүмкін. Кейбір тұрғындар кейін үй бөлмелері жалға берілген деген болжам айтты.
Өрттен кейін Анардың отбасы баспанасыз қалған. Әйелдің айтуынша, олардың барлық заттары үйдің ішінде өртеніп кеткен.
«Ештеңе алып үлгермедік. Әркім үстіндегі киімімен ғана шықты. Бәрі өртеніп кетті, түк қалған жоқ. Тек телефонды алдық. Бізге қонақүйден орын беретінін айтты. Енді сонда барамыз. Басқа барар жеріміз жоқ», – дейді ол.
Үй газбен жылытылған
Анардың айтуынша, өртенген үй газбен жылытылған. Сонымен қатар жалға алушылар тамақ пісіру үшін газ баллондарын пайдаланған.
«Үй газбен жылытылатын, бәрі қалыпты еді. Бірақ газдан қорқатынмын. Өйткені үйде тамақ пісіретін газ баллондары да болды. Мені үнемі алаңдатқаны – осы», – дейді тұрғын.
Алайда ол өрттің газ баллонынан шыққанын нақты айта алмайтынын жеткізді.
«Шынымды айтсам, білмеймін. Өрттің қайдан шыққанынан мүлде хабарым жоқ. Түнде, тәтті ұйқыда жатқан кезіміз еді. Таңғы сағат төрт шамасы. Не болғанын, қалай болғанын түсінбедім», – дейді Анар.
Өрттің нақты себебі әзірге белгісіз. Алматы қалалық полиция департаменті аталған өртке байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүріп, өрттің шығу себебі мен бес адамның қаза болу мән-жайы анықталып жатыр.
«Адамдар қатты айқайлады»: Желідегі куәгерлер не деді?
Өрт туралы ақпарат әлеуметтік желілерде түнде-ақ тарай бастаған. Қолданушылардың бірі Rams City тұрғын үй кешенінің қарсы алдында үй өртеніп жатқанын жазған. Оның сөзінше, оқиға орнынан адамдардың айқайлаған дауысы естілген.
«Алматыда Rams City тұрғын үй кешенінің қарсы алдында шамамен 15 минут бұрын өрт басталды. Адамдар қатты айқайлады», – делінген жазбада.
Аудан тұрғындарының тағы бірі өрт кезінде айқай-шуды естігенін және жедел қызметтерге хабарласқанын жазды. Ал басқа қолданушы өрттің салдарын көргенін айтқан.
«Біз қарсы беттегі көршіміз. Жедел қызметтерді шақырдық. Күйіп кеткен баланы көрдім, содан бері ұйықтай алмай жүрмін», – деп жазды ол.
Қаза тапқандарды жерлеу рәсімін әкімдік ұйымдастырады
Бостандық ауданының әкімдігі 26 қарашаға қараған түні өрттен қаза тапқан бес адамның жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл іске әкімдік өкілдері дін қызметкерлерімен бірлесіп кіріскен.
“Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Осындай қиын сәтте марқұмдардың отбасына қажет көмектің бәрі көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауымызда”, – делінген хабарламада.
Өрттен зардап шеккен 9 адам қонақүйге орналастырылды
Әкімдік мәліметінше, өрт салдарынан баспанасы зардап шеккен тоғыз адам уақытша қонақүйге орналастырылған. Оларға құжаттарын қалпына келтіруге көмектесіп, заңгерлік кеңес те беріліп жатыр.
Көмек алу және өзге де мәселелер бойынша Алматы әкімдігінің тәулік бойы жұмыс істейтін Open Almaty бірыңғай байланыс орталығына 109 нөмірі арқылы хабарласуға болады.



