Үш елде «Темір нарком» атанған қазақ…
Үш мемлекетте жоғары мемлекеттік қызмет атқарған ол қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғаға айналды.

Адам баласының өмір жолы – талай сынақ пен тағдырлы кезеңдерден тұратын үлкен мектеп. Сол жолда кездескен қиындықтарды еңсеріп, қайсарлығы мен табандылығының арқасында биік белестерді бағындырған жандар тарихта өз ізін қалдырады.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Бір сөзімен тұрса екен, жанса – күйсе» деген ұстаным ер азаматтың болмысын, азаматтық келбетін айқындайды. Сөзге беріктік, іскерлік, парасаттылық пен қарапайымдылық – ел құрметіне бөленген тұлғаларға тән қасиет. Осындай қасиеттерді бойына жинақтап, халқының жадында «Темір нарком» деген атпен қалған біртуар қайраткер – Темірбек Қараұлы Жүргенов.
Үш мемлекетте жоғары мемлекеттік қызмет атқарған ол қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғаға айналды. Оның қазақ мәдениеті мен өнерін өркендету, ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру жолындағы еңбегі – ел тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі.
Біз бұл мақаламызда халқының рухани дамуына бар күш-жігерін арнаған Темірбек Жүргеновтің өмір жолы мен өнегелі қызметіне тоқталамыз.
«Самұраттан бата алған»
Темірбек Қараұлы Жүргенов – 1898 жылы 1 қазанда(төлқұжатында 13 қараша) Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Жабасақтан(1971 жылға дейін Ырғыз ауданының құрамында болған) 30 шақырым жердегі Басықара қопасы ауылында, әкесінің жайлауында дүниеге келген(қараңыз: Б.Мырзабай – Темірбек Жүргенов. Сарыарқа 2018. 325, 328-329, 334-335, 341-342, 355, 382-беттерінде).
Әкесі Қара байсалды, байыпты, мал шаруашылығын кәсіп еткен, дәулетті кісі болса керек. Анасы Жаңшы үй шаруасындағы келбетті жан болса, ал жұбайы Дәметкен Ермекова дәрігер болған. Темірбек Жүргеновтің Шора есімді жалғыз баласы жастай қайтыс болады.
Бала Темірбек жасы келгесін әкесіне оқуға, білім алуға барғысы келетінін білдіреді. Бұған қуанған әкесі Қара:
— «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» — деген халық мақалы бар. Көрші Аққұм ауылында көрген – білгені көп, тәжірбиелі, парасатты, атақты болыс Самұрат Алматұлы тұрады. Оқуға сол кісінің батасын алып, аттанғанын жөн», -дейді.
Алматұлы Самұрат – Қожакөл, Кенжеғара, Ырғыз болыстарын басқарған, төрт аталы Шөмекейдің бас биі болып, «Жарты патша» атанған тұлға(қараңыз:Ақтөбе энцеклопедиясы. 2001ж. 267-бет.).
Кекіл шашы бар Темірбек Самұраттан бата алуға барады. Сонда Самұрат оң қолың төбеме қойып:
— «Балам, деңсаулығын арымасын, оқуын оңды, білімін жетік болып, биікке, көкке көтеріл. Ісің озық, абыройлы болсын. Көп жаса. Алла осы ақ ниет, ақ тілегімді қабыл еткей», — деп көрсеткен Т.Жүргеновтің шағын қолжазбасы болғандығын Әйтеке би ауданының бұрынғы «Басқұдық» және «Жабасақ» совхоздарында партия, кәсіподақ комитеттерін, ауылдық советті басқарған, кейін селолық округтің әкімі болған салауатты азамат Жүргенбай Шоқпаров айтқан еді. Бірақ қолжазбаны оқуға сұрап алғандар қолдан – қолға өткізіп жоғалтқан(қараңыз: Ә.Жалдыбаев Темірбек Жүргенов – Қазақстандағы тұңғыш озық мәдениет революциясының бас жасампазы, асқан дарынды, кемеңгер мемлекет қайраткері. Ақтөбе – 2016. 5-6 бет.).
«Білім жолындағы алғашқы қадам»
Темірбек Жүргенов көптеген білім ордасын тәмәмдаған тұлға. Әр оқу-орынан білімін жетілдіріп, тәжірбиесі жетіліп, ұлтжанды болып қалыптасты. Ол кісінің алғашқы білім алған жері ауыл мұғалімі болғаны анық! Ендеше қай жер? – деген сұраққа жауап іздейік. Темірбек Жүргеновтің алғашқы білімді қай жерде алғаны жөнінде екі түрлі дерек кездеседі. Біріншісінде оның Басықара қопасында ауыл молдасынан сауат ашқаны айтылса, екіншісінде Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин ашқан мектепте оқығаны көрсетіледі.
Алғашқы дерекке қатысты мынадай тұжырым жасауға болады:
Басықара қопасына жақын орналасқан Сарығасқа қорымында жерленгендердің басым бөлігі – Темірбек Жүргеновтің ағайын-туыстары. Олардың арасында Қожагелді руынан шыққан бір-екі адам ғана бар. Біздің пайымдауымызша, бұлар сол өңірде бала оқытып, діни білім берген имамдар мен ауыл молдалары болуы мүмкін. Өйткені ол кезеңде арнайы мектептер аз болғандықтан, ауыл балаларының көпшілігі мешіт-медреселерде ахундар мен молдалардан сауат ашқан.
Ал екінші дерекке келсек, қазақ даласында білім беру ісінің негізінқалаған ағартушы Ыбырай Алтынсариннің Ырғызда ашқан мектебінде Темірбектің оқуы әбден мүмкін. Қазіргі әлеуметтік желілерде де осы нұсқа жиі кездеседі. Мұны сол кезеңдегі әкімшілік-аумақтық жағдаймен байланысты қарастыруға болады. Ол уақытта қазіргі Әйтеке би ауданы жеке аудан ретінде қалыптаспаған, өңірдегі елді мекендер Ырғыз уезіне қараған. Сондықтан Ырғызда білім ордасы болған жағдайда, дәулетті отбасылардың балаларының сонда барып оқуына мүмкіндік болғаны анық. Дегенмен, Басықара қопасында білім алғаны туралы болжамды да, Ырғыздағы Ыбырай мектебінде оқығаны жөніндегі деректі де нақты тарихи факт ретінде қабылдауға әзірге негіз жеткіліксіз. Бірінші нұсқаны жергілікті тарихи деректер мен қорымдағы мәліметтер арқылы зерделеу қажет болса, екінші нұсқаны растау үшін Ырғыздағы мектептің архивтік құжаттары мен оқушылар тізімінен нақты айғақ табылуы тиіс.
Тарихи шындыққа жетудің жолы – болжамға емес, құжат пен дәйекке сүйену.
Көптеген оқулықта ауыл молдасы Қуаңбай, Мұхамбетжан деген кісілерден дәріс алды деп жазылған. Осы екі молда жоғарғыда баяндап өткен тұжырымдағы Басықараның маңайындағы сарығасқалардың қорымда жерленген кісілер болуы мүмкін.
Кейін әкесі Қара 1904 – 1908 жылдары Темірбекті шығыс тілінің білгірі, Сыр бойынын белгілі шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовке оқуға береді. Тұрмағамбет Темірбекке 3–4 жылдай араб, парсы, шағатай тілдерін үйретіп, Омар Хайям, Әлішер Науаи идеяларымен сусындатады.
1909 жылы Темірбек Жүргенов Аламесектегі орыс – қазақ бастауыш мектебіне оқуға түсіп, 1913 жылы үздік бағамен бітіріп шығады. Сол жылы Перовскідегі орыс – қазақ училищесіне түсіп оқиды. Сол кезде еліміздегі ең үлкен оқу орнының қабырғасында жүрген жас Темірбек өзінін ұстамдылығымен, батылдылығымен, принциптілігімен көзге түседі. Училищеде бірге оқыған замандастарының айтуына қарағанда Жүргенов, қазақ оқушылары үшін орыс әдебиетін үйрету үшін, үйірме құрып, Крыловтың, Некрасовтың шығармаларын қазақ тіліңе аудармақшы болған екен.
1917 жылы училищені бітіріп шыққан Темірбекті білімге деген құштарлығы Уфа қаласына апарды. Осындағы училищенің жер өлшеу мамандығына түскенімен, Жүргенов бұл училищені тәмәмдай алмайды. Оның бір себебі – сол жерде азамат азамат соғысының қиыншылықтары болса, екінші бір себебі – азаттық үшін айқаста Темірбек секілді тепсе темір үзетін білімді де, жігіттердің қажетігінен еді.
Сөйтіп, жиырмаға жаңа іліккен Темірбек те революция жеңістерін қорғау жөнінде құрметті де, қиын күреске араласып кете берді (қараңыз: Б.Мырзабай – Темірбек Жүргенов. Сарыарқа 2018. 189-бет.).
1918–1920 жылдары Темірбек Жүргенов Торғай мен Ырғыздағы большевиктермен бірге көтерілісті тоқтатуға атсалысты. Осы кезеңге қатысты оның өмірінен маңызды бір тарихи дерек кездеседі. Бірде Қара Басықараға көшіп келе жатып, Аққұмдағы Самұраттың Былқылдақ жайлауына аялдайды.
Жылқының тұяғы жартылай ғана бататын көк майса жерге қоныстанған ауылға Темірбектің келе жатқаны туралы хабар жетеді. Ауыл алдынан шықса, келген үш адамның бірі – Тел Жаманмұрынов, екіншісі – белгілі большевик Н. Подвойский екен. Сонда Қараның оқымысты баласы әкесіне:
«Самырат жайлауына бекер қондыңыз. Енді ағайын арасына жік түсетін болды. Заман өзгереді. Байлықты жек көретін үкімет орнайды. Сауын сиыр мен мінер жылқыдан басқасының керегі жоқ. Жалшы ұстайтын заман емес», – деп ақыл айтады. Алайда баласының бұл сөзін ауыр қабылдаған Қара: «Сені адам болсың деп оқытсам, маған ақыл айтасың. Менікі жуса кетпейтін байлық. Құдай берген байлықты кім көрінгенге таратсам, қадірін біле ме! Шекисен өзің, шекие бер», – деп жауап берген екен. Бұл оқиғаның астарында сол кезеңдегі жер дауы мен ағайын арасындағы тартыс жатыр. Самұрат Аққұмның Қарақай бойы, Князь, Былқылдақ секілді жерлерді жайласа, Қара Басықара қопасы, Ащылысай, Көксай, Жантай өңірлерін қоныстанған.
Екі әулет Былқылдақ пен қазіргі Жабасақ ауылы орналасқан Мысты жеріне қатысты да таласып отырған. Жабасақ ауылындағы мешіт те осы мәселелерге байланысты салынуы мүмкін. Кейін Самұрат Сыр бойына қоныс аударып, 1922 жылы қайтарында ағайындарына: «Қараға сәлем айт. Жері де, елі де өзіңе қалды», – деген екен (Қараңыз: Құдайбергенұлы Б. «ҚАРА…» // 12.09.2013. zhanalyq-zharshysy.kz). Самұрат сол жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ақсуат-Кеңтүбекте қайтыс болған.
1923 жылы Орынборда жұмысша факультетінде оқып жүргенде, аяқ астынан белгісіз дерт шығып, оқу — орының жауап тастаған екен.
1923-27 жылдары Т.Жүргенов Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында оқыды. Қазақтың алғашқы скрипкашысы Әлім Алматтың естелігінде 6-7 жасында атасы Төремұратпен Қарақайдан Басықара қопасындағы Қара нағашы атасының ауылына ертіп апарғаны Күлпаш Ильясованың Әлім Алмат: Өмірі мен өнері деген кітабында баяндалған.
Темірбек нағашысы Ташкенттегі оқуынан ауылға демалысқа келіп жатқан кезі екен(қараңыз:Ильясова, К.М. Әлім Алмат: Өмірі мен өнері, 16-17 бет.).
Тағы бір деректерде Темірбек Жүргеновтің көпшілік біле бермейтін өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі – оның 1926-29 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының ректорының қызметін атқаруы. Бір қызығы, ол өзі осы институттың студенті болса да, 3 курста ректор болған.
Жалғасы бар…
Асқар Рахымжанұлы,
тарихшы, өлкетанушы



