Қоғам
Тренд

«Әр қазақ мен үшін бауыр»: Міржақып Дулатов кесенесінің шырақшысы 20 жылдық қызметі мен музей құндылықтары жайлы сыр шертті

Бүгін – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ақын, жазушы, публицист Міржақып Дулатовтың туған күні. Осы атаулы күнге орай Қостанай облысы Жангелдин ауданының Бидайық ауылындағы Алаш арысының кесенесі мен музейінің тыныс-тіршілігін және ондағы құнды жәдігерлер тарихын назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды Tiek.kz.

Жазда Торғай өңіріне жасаған сапарымызда кесененің шырақшысы Нағашыбай Бірманов киелі орынды аралатып, ғимараттың салыну тарихы мен өзіне жүктелген аманат жайлы әсерлі әңгімелеп берген еді.

Кесене мен музейдің салыну тарихы және жаңғыруы

1992 жылы Карелия жерінен Міржақып Дулатовтың сүйегі туған ауылы Бидайыққа әкелініп, 1990–1993 жылдары Маңғыстаудың ұлутасынан (ақтастан) кесенесі тұрғызылған. Ал 1993–1994 жылдары жанынан музей ғимараты бой көтерген.

Фото: tiek.kz

Уақыт өте келе ғимарат үш кезеңнен тұратын жөндеу жұмыстарынан өткен. Шырақшының айтуынша, Міржақыптың туысы Бақберген Өтеулин кесене мен музейдің іргетасын бекітіп, қабырғаларын жаңартуға зор үлес қосқан. Ал былтыр Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен музейге күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи үлгіде қайта жаңғыртылған.

Карелиядан әкелінген белгі мен 1914 жылғы кілем: Музейде не сақталған?

Музей қорында Алаш арысының өмірі мен күрес жолынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер жинақталған:

  • Түпнұсқа басылымдар мен суреттер: Ыбырай Алтынсариннің Торғайдағы мектебі, Міржақып дәріс алған Қызбел тауындағы (Қотыртау) ауыл молдасының мектебі, ағасы Асқар Дулатовтың өмірбаяны, сондай-ақ Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының фотосуреттері қойылған. Мұнда «Оян, қазақ!» кітабының алғашқы басылымы, 1917 жылғы «Қазақ» және «Ақжол» газеттерінің нұсқалары сақталған. Алматылық суретші Бақытжан Досов салған Алаш арыстарының портреттері де төрден орын алған.

  • Отбасылық жәдігерлер: Міржақыптың жары Ғайнижамал анамыз бен тұңғыш ұлының суреттері, сондай-ақ 1914 жылы Ғайнижамалдың төркін жұртынан жасау ретінде келген көне кілем көздің қарашығындай сақтаулы.

  • Карелия лагері мен қолжазбалар тағдыры: Музейде Міржақып айдауда болған Карелиядағы тұтқындар барагының макеті жасалған. Алаштанушы ғалым Марат Әбсеметовтің дерегіне сүйенген шырақшы Алаш арысының айдауда жүріп емшілікпен айналысып, дәрі жасағанын, алайда медицина тақырыбында жазған еңбектері мен қолжазбалары сол кезде орыс әкімшілігінің қолында кеткенін айтты.

  • 1992 жылғы қайта жерлеу рәсімі: Карелиядағы қабір басына қойылған «Мир Якуб» деген жазуы бар түпнұсқа белгі, сүйекті елге жеткізу бағыты сызылған жол картасы және 1992 жылы қызы Гүлнар Міржақыпқызының қатысуымен өткен жерлеу рәсімінің суреттері қойылған. Сол күні марқұмның жаназасын алғашқы имам Шоқан ақсақал шығарған.

«Гүлнар апайдың аманатына қиянат жасамауға тырыстым»

Нағашыбай Бірманов бұл киелі орынға кездейсоқ келмеген. Оған кесенеге бас-көз болуды Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың өзі аманаттап тапсырған.

«Бір барғанымда Гүлнар апаймен сөйлестік. Апай маған: «Әкемді Нағашыбай бауырым, саған аманат еттім. Осы жерде бол, өзің қамқор бол» деді. Сол аманатқа қиянат жасамайын деп міне, 20 жылдан бері осы кісінің басында отырмын. Бастапқыда 7 жылдай жарық болмаған кездер де өтті. Кейін Құрманғазы деген ағамыз электриктерді жинап, осында желі тартып, жарық қосып берді», – дейді шырақшы.

Фото: tiek.kz

Бүгінде Бидайыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті шет мемлекеттерден студенттер, алаштанушы ғалымдар, ақын-жазушылар мен тарихшылар арнайы ат басын бұрады.

«20 жыл өтсе де еш өкінбеймін»

Жиырма жыл бойы шалғай ауылда шырақшы болып отырған Нағашыбай аға таңдаған жолына ешқашан өкінбегенін айтады. Жазғы демалыста балалары да келіп, кесене маңының шөбін шауып, тазалығына қолғабыс етеді екен.

«20 жыл өтсе де мен еш өкінбеймін. Осы кісінің еңбектерін, оқулықтарын оқып, ұлтыма, қазағыма деген керемет сүйіспеншілік сезімі оянды. Оны тілмен айтып жеткізу қиын. Қазір мен үшін әр қазақ – бір туыс, бір бауыр. Өйткені Міржақып атамыз сол қазақ үшін жанын берген адам. Ол кісінің шырақшысы болып, кесенесінің тазалығын ұстап отырғанымды өзім үшін үлкен бақыт санаймын. Қайтсем де қазаққа қызмет еткім келеді», – деп түйіндеді Нағашыбай Бірманов.

(Міржақып Дулатов кесенесінің шырақшысы Нағашыбай Бірмановпен болған сұхбаттың толық нұсқасын Tiek YouTube арнасынан көре аласыздар).

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button