Сайлау - 2026

Соңғы 23 жылда алғаш рет бөлек сайлау өтеді: Ақтөбеде мәслихаттардың жаңа рөлі талқыланды

Ақтөбе қаласындағы С. Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Конституциялық реформалар аясындағы жергілікті өкілді билік: жаңа міндеттер мен даму перспективалары» тақырыбында сарапшылар отырысы өтті. Жиында еліміздегі саяси жаңғыру үдерісі аясында мәслихаттардың жаңа міндеттері мен жергілікті басқару жүйесінің тиімділігі сараланды, деп хабарлайды Tiek.kz.

Басқосуға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, саясаттанушылар, заңгерлер, жоғары оқу орындарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

23 жылдағы алғашқы дербес сайлау және бірпалаталы Құрылтай

Талқылау барысында конституциялық реформалардың жергілікті мемлекеттік басқаруға ықпалы мен мәслихаттардың өкілеттіктерін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар алдағы мәслихат депутаттары сайлауының тарихи маңызына тоқталды: соңғы 23 жылда алғаш рет жергілікті өкілді органдарға сайлау парламенттік сайлаудан бөлек, дербес саяси науқан ретінде өткізілмек. Бұл жергілікті мәселелерге басымдық беріп, тұрғындардың өз өңірінің дамуына қатысты шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Сонымен қатар бірпалаталы Құрылтай жағдайында мәслихаттардың өңірлік мүдделерді білдірудегі рөлі, жергілікті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту және мемлекеттік органдардың халық алдындағы есептілігін арттыру жайы сөз болды.

«Конституциялық реформалар – еліміздің қоғамдық-саяси және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезең. Осы үдерісте жергілікті өкілді билік институттарының рөлі мен жауапкершілігін арттыру, олардың қызметінің тиімділігін жетілдіру, халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелері ерекше маңызға ие», – деді Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров.

Сарапшылар ұсынысы: үйлерді заңдастыру және батыс өңірлер кеңесі

Отырыс барысында қатысушылар тарапынан бірқатар нақты бастамалар көтерілді:

  • Тұрғын үйлерді заңдастыру: Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғазы Құрманалин үйлерді заңдастыру ісін оңтайландыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, депутаттар бұл мәселеге жіті мән берсе, түрлі астыртын әрекеттердің жолы кесіледі.

  • Тұрақты сарапшылар алаңы: Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің оқытушысы Сайпулла Сапанов мәслихат сайлауы қарсаңында мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтіп, еліміздің батыс өңірлерінен жиналған сарапшылар кеңесінің отырысын Ақтөбеде өткізуді дәстүрге айналдыруды ұсынды.

Жиында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жергілікті деңгейде іске асыру және жастардың өкілді билік жұмысына араласу мүмкіндіктері де талқыланды. Талқылауға Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлзат Көбенова, құқықтану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Нурутдинова, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің доценті Айнұр Жанғалиева, «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйым ассоциациясы» жетекшісі Арман Елдесов, ақын Бижан Қалмағанбетов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Ахат Мырзалин қатысып, өңірлік басқаруды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button