Қоғам
Тренд

Түркістан мақтасы әлемдік брендтердің қызығушылығын тудырып отыр

Отандық жеңіл өнеркәсіпте жаңа дәуір басталды: бұған дейін шикізат ретінде ғана экспортталып келген Түркістан мақтасы енді әлемдік сән индустриясының назарын өзіне аударды, деп хабарлады tiek.kz.

Бүгінде Түркия, Франция және Қытай секілді ірі нарықтардың инвесторлары қазақстандық мақтаны терең өңдеуге және одан дайын киім тігуге білек сыбана кірісуде дайын. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, бүгінде Түркістан облысында өндірілетін сапалы мақта жібіне Қытаймен қатар еуропалық және түрік компаниялары тарапынан сұраныс күрт артқан.

«Мақтаға сұраныс өте жоғары. Фермерлер де қазіргі кезде Түркия мен Франция елдерінен жіпті экспорттау бойынша ұсыныстар көптеп түсіп жатқанына қуанып отыр. Әрине, бұл жаңалықты біз де зор қуанышпен қарсы алудамыз. Себебі бұған дейін мақта талшығын тек шикізат ретінде ғана экспорттайтын едік. Ал қазір орташа деңгейдегі қайта өңдеу арқылы дайын жіп шығаруға көштік», — деді Назгүл Хатепова.

Шетелдік инвесторлар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар өңірде толыққанды тоқыма кластерін қалыптастыруды көздеп отыр. Вице-министрдің мәліметінше, келесі жылдан бастап жіпті бояу және дайын мата тоқу цехтары іске қосылады.

«Қажетті заманауи құрал-жабдықтар Қазақстанға жеткізіліп қойды, қазір құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Одан кейінгі жылы тігін фабрикасын ашып, «Made in Kazakhstan» белгісімен дайын киім үлгілерін шығару жоспарлануда. Қазір ішкі және сыртқы нарықтағы сұранысқа сай өндіріс қуаттылығы есептелуде», — деп атап өтті ведомство өкілі.

Бұл бастамалар Мемлекет басшысының шикізаттық бағыттан терең қайта өңдеуге көшу жөніндегі тапсырмасымен толық үндеседі. Сарапшылардың бағалауынша, мақтаны дайын киімге дейін өңдеу шикізат құнын 5-7 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осыны ескерген Үкімет биыл алғаш рет инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында мақтаны бастапқы қайта өңдеу желілеріне 25 пайыздық субсидия енгізді. Бұл қолдау отандық шаруалар мен шетелдік инвесторлардың бірлескен жобаларына тың серпін бермек.

Қазақстан — Орталық Азиядағы мақта өсіретін негізгі елдердің бірі. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде өндірілетін «ақ алтынның» 100 пайызы дерлік Түркістан облысына тиесілі. Жыл сайын өңірде 110–125 мың гектар алқапқа мақта егіліп, орта есеппен 300–350 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Алайда осы күнге дейін өнімнің 80-85 пайызы өңделмеген талшық күйінде шетел асып, қосылған құны жоғары дайын өнім ретінде өзімізге қымбат бағамен қайтып келетін. Енді бұл үрдіс түбегейлі өзгермек.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button