Атырауда Назарбаевтың жиенінің жиеніне қатысты мұнай компаниясына 3 миллиард теңгеден аса айыппұл салынды

Атырауда «ЖАН и КС» мұнай компаниясынан экологиялық заңбұзушылық үшін салынған 3 миллиард теңгеден астам айыппұл өндіріліп жатыр.
“Ақжайық” порталынаың жазуынша, компания бұрғылау кезінде қалдықтарды заңсыз жинаған.
Табиғатты қорғау прокуратурасының мәліметінше, компания мұнай ұңғымаларын бұрғылау кезінде пайда болған қалдықтар мен пайдаланылған сұйықтықтарды заңсыз жинаған.
“Осы әрекеті үшін кәсіпорын Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компания миллиардтаған айыппұлмен келіспей, сотқа шағымданған. Алайда сот оның шағымдарын қанағаттандырмады. Осылайша, айыппұл салу туралы шешім заңды күшіне енді”, – делінген хабарламада.
Компания айыппұлды толық төлемеген соң, қалған ақшаны мәжбүрлеп өндіріп алу басталған. Қазір сот орындаушылары оның 490 миллион теңгеден астамын Атырау бюджетіне аударған. Қалған соманы өндіріп алу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін экологиялық айыппұлдардан түскен ақша республикалық бюджетке аударылатын. Енді бұл қаражат айыппұл салынған өңірдің бюджетінде қалады. Сондықтан мұнай компаниясынан өндірілген ақша Атырау қаласының қажетіне жұмсалады.
«ЖАН и КС» компаниясы Атырау облысындағы «Прибрежное» кен орнында мұнай мен газ өндіреді. Кәсіпорын жол және гидротехникалық нысандар салумен, құрылыс материалдары мен пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын Aytei Group холдингіне кіреді. Холдингтің директорлар кеңесін Сейітжан Есімов басқарады.
Ол – Ахметжан Есімовтің туған інісі. Ахметжан Есімов – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Ол әр жылдары Алматы қаласының әкімі, ауыл шаруашылығы министрі, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы және «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының төрағасы қызметтерін атқарған.



