Заң үстемдігі

«Заң мен тәртіп»: Қызылордада 2 мыңнан астам қыз баланың құқығы мен қауіпсіздігіне арналған кездесулер өтті

Қызылорда облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «Қыз баланың қауіпсіздігі, денсаулығы және болашағы» тақырыбында облыстық ашық алаң өтті. Өңірлік білім басқармасының бастамасымен және облыстық психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен жиынға 600-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды Tiek.kz.

Жеке шекара, репродуктивті денсаулық және заң талаптары

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірім қыз балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жеке басының қауіпсіздігі мен жеке шекарасын сақтау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен ерте жүктіліктің алдын алу. Ашық алаң барысында сала мамандары оқушыларға бірнеше бағыт бойынша жан-жақты түсіндірме берді:

  • Құқық қорғау: Қызылорда қаласы прокуратурасының прокуроры А. Шоқбарова мен облыстық полиция департаменті ювеналды полиция тобының аға инспекторы Р. Абдразакова кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі және құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін түсіндірді.

  • Денсаулық сақтау: Облыстық перинаталдық орталықтың балалар гинекологы Ғ. Құдайбергенова репродуктивті денсаулықты сақтау мен ерте жүктіліктің алдын алу жөнінде медициналық кеңес берді.

  • Психологиялық қолдау: Облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Ж. Баянова психологиялық қауіпсіздік, жеке шекараны қорғау, қысым мен мәжбүрлеу жағдайларын дер кезінде анықтап, қиын сәтте көмекке жүгіну жолдарын баяндады.

  • Ұлттық құндылықтар: Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Ж. Бимұратқызы қыз баланың қоғамдағы орны мен болашақ алдындағы жауапкершілігі туралы ой қозғады.

Облыс бойынша 2 100-ден астам жасөспірім қамтылды

Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарына мамандардан тікелей жауап алды. Шара соңында қатысушыларға құқықтық, медициналық және психологиялық көмек алу жолдары мен сенім телефондары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.

Айта кетейік, бұл жиын өңірде кезең-кезеңімен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру науқанының қорытынды кезеңі болды. Бұған дейін Шиелі, Қармақшы және Сырдария аудандарында ұйымдастырылған көшпелі кездесулерге 1 500-ге жуық жасөспірім қыз бала қатысқан. Нәтижесінде аудандық және облыстық деңгейдегі шаралар арқылы өңірдегі 2 100-ден астам оқушы қыз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button