Қоғам
Тренд
Мемлекет басшысы кәсіби, ұтқыр әрі жаңа үлгідегі Қарулы күштер құруға басымдық беріп отыр

Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделенуі, аймақтық тұрақсыздық ошақтарының көбеюі және соғыс жүргізу тәсілдерінің түбегейлі өзгеруі — қауіпсіздік жүйесін үздіксіз жетілдіруді талап етіп отыр, деп жазады tiek.kz.
Осы бағытта Қазақстан да аумақтық тұтастық, ішкі және сыртқы тұрақтылық, ақпараттық қауіпсіздік сынды маңызды дүниелерге мән бере бастады. Осы орайда елімізде қабылданған институционалдық шешімдердің бірі — Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымының пайда болуы.
Сарапшылардың пайымынша, бұл Қарулы күштерді кешенді жаңғырту бағытындағы әрі қауіпсіздік саласындағы жаңа кезеңнің айқын көрінісі болып отыр.
Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінің мәні мен мақсаты қандай?
Қауіпсіздік Кеңесі — мемлекет басшысы жанындағы, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саясатын үйлестіретін негізгі конституциялық орган. Төраға орынбасары лауазымының енгізілуі ең алдымен басқару вертикалының тиімділігін арттыруға, стратегиялық шешімдерді жедел әзірлеуге және күштік құрылымдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі қауіп-қатерлер дәстүрлі әскери сын-қатерлермен ғана шектелмейді. Киберқауіпсіздік, ақпараттық кеңістікті қорғау, трансшекаралық тәуекелдер, экономикалық және энергетикалық орнықтылық, сондай-ақ төтенше жағдайларға ден қою қабілеті біртұтас жүйе ретінде қарастырылады. Осындай көпқырлы ортада төраға орынбасары институты мынадай негізгі мақсаттарды көздейді:
Стратегиялық үйлестіруді күшейтеді. Яғни Қорғаныс министрлігі, арнайы қызметтер, ішкі істер, төтенше жағдайлар және басқа да уәкілетті органдардың әрекеттерін бір арнаға тоғыстыру міндеті жүктеледі.
Қауіп-қатерлерді ерте болжау: Әлемдік және аймақтық үрдістерге талдау жасап, ықтимал дағдарыстардың алдын алуға арналған ұсыныстар дайындау.
Шешімдердің орындалуын бақылау: Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған тапсырмалар мен доктриналық құжаттардың нақты іске асуын қадағалау.
Дағдарыс жағдайындағы жеделдік: Төтенше немесе шұғыл жағдайларда ақпарат алмасуды жеделдетіп, басқару үдерісінің үздіксіздігін қолдау.
Төраға орынбасарына жүктелетін басты міндеттер қатарында мынадай жайттар айрықша аталып өтілген.
Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен әскери доктринаны жетілдіруге қатысу: Заманауи геосаяси өзгерістерге сәйкес нормативтік және стратегиялық құжаттарды жаңарту жөнінде бастамалар көтеру.
Күштік және құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын үйлестіру: Түрлі ведомстволар арасындағы ақпараттық және жедел үйлесімділікті нығайту, ведомствоаралық бөгеуілдерді азайту.
Қорғаныс әлеуеті мен мобилизациялық дайындықты бағалау: Әскердің жауынгерлік әзірлігін, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің мүмкіндіктерін және резервтерді даярлау деңгейін талдау.
Халықаралық әріптестік бағыттарын үйлестіру: Сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарымен бірлесе отырып, қауіпсіздік саласындағы екіжақты және көпжақты уағдаластықтардың тиімділігін зерделеу.
Осылайша, төраға орынбасары лауазымы мемлекеттің қауіпсіздік саясатын институционалдық тұрғыдан нығайтып, күрделі кезеңдерде басқару икемділігін арттыратын тетік ретінде қызмет етеді.
Еліміз сонымен қатар қауіпсіздік мақсатында ескі кеңестік қарулар мен қалыптасқан бұрынғы жүйеден бас тарта бастады.
Нақты айтар болсақ, Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті буыны — кәсіби, ұтқыр әрі жоғары технологиялық қарумен жабдықталған әрі жаңа үлгідегі Қарулы күштер құруға басымдық беріп отыр.
Осы мақсатта сжылдары еліміздің әскери саласында әскерді басқару жүйесін заман талабына бейімдеу, жеке құрамның даярлығын арттыру және материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында жүйелі реформалар қолға алынып жатыр.
Нақты айтар болсақ:
Әскер түрлері мен тектерінің өзара іс-қимылын жетілдіру, бөлімшелердің жедел орналасу және автономды әрекет ету қабілетін күшейту.
Қазіргі заманғы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, оқу-жаттығу сценарийлерін күрделендіру, тактикалық және цифрлық басқару дағдыларын дамыту.
Кәсіби әскери кадрларды даярлау, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейту, әскери инфрақұрылымды жаңғыртылып жатыр.
Соның жарқын дәлелі – Қазақстан Қарулы күштері ссоңғы үлгідегі рондармен жабдықталып бастады.
Соңғы әскери қақтығыстар көрсеткендей, ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) барлау жүргізудің, нысананы дәл анықтаудың және соққы берудің ажырамас құралына айналды.
Осыған байланысты, Қазақстан әскерінде де барлау және соққы беретін дрондар паркін кеңейту, оларды басқару мен радиоэлектрондық күрес құралдарын ұштастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Дрондарды қолдану әскердің көріну аймағын арттырып, жеке құрамға төнетін тікелей қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қарулы Күштер заманауи әскери техникамен және қару-жарақ жүйелерімен толықтырылуда. Оның ішінде әуе қорғанысы, бронетехника, байланыс және барлау құралдарын жаңартумен қатар, Қытайдан соңғы үлгідегі әскери ұшақтың сатып алына бастады.
Нақты айтар болсақ, қазақ армиясы Қытайдың Shaanxi Aircraft Corporation компаниясы шығарған Y-9E әскери-көлік ұшағымен толықты. Ұшақ жеке құрамды, әскери жүктерді және материалдық құралдарды тасымалдауға арналған.
Техникалық жағынан алғанда бұл ұшақ Қазақстан Қарулы күштеріндегі C-295 және A400M ұшақтарының арасындағы буын саналады. Турбовинтті қозғалтқыштармен, сандық авионикамен және навигациялық жүйемен жабдықталған. Жүк көтергіштігі 20–25 тоннаға дейін жетеді, бортына 100-ден астам қарулы десантшы немесе әскери жүк сыяды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл ұшақ ұшу қашықтығы мен жүк салмағына қарай әуе тасымалдарын икемді жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Ұлттық ұлан Y-8 көлік ұшақтарын, ал Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері Wing Loong дрондарын пайдаланып келген.
Бұл әскери-әуе күштерінің мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде аталып отыр. Яғни бұл ұшақ жаңа буын авиациялық техникасы елдің әуе кеңістігін бақылауды күшейтуге, ұшу алыстығы мен маневрлік сипаттамаларын арттыруға, сондай-ақ заманауи авиациялық кешендерді меңгеруге жол ашады.



