Оқиға

Қостанайда ауылға қасқырлар шабуыл жасады

Қостанай облысындағы ауылдардың бірінде қасқыр күндіз елді мекенге кіріп, ер адамға шабуыл жасады, деп хабарлады Аlmaty.tv арнасы.

Жыртқыштан қорғануға тырысқан азаматқа көршілері көмекке келген. Тұрғындар қасқырды өлтіріп, зардап шеккен ер адамды ауруханаға жеткізді.

Оқиға Қостанай облысындағы Ақкөл ауылында болған. Куәгерлерінің айтуынша, жыртқыш ауылға келген азаматқа кенеттен тап берген. Ер адамның көмек сұраған дауысын естіген көршілері дереу жетіп, қасқырды өлтірген. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Рүстем Бидібаев қазір шабуылдаған қасқырдың құтыр ауруына шалдығып-шалдықпағанын анықтай алмай отырғанын жеткізді.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қасқырды жергілікті тұрғындар өзін-өзі қорғау мақсатында өлтірген.

Жабайы жануардың құтыру ауруына шалдыққанын нақты айта алмаймыз. Себебі ауруды анықтау үшін қажет жануардың миын зерттеуге алу мүмкін болмады. Жергілікті тұрғындар қорғану кезінде жануардың миын зақымдағандықтан, алынған материал зерттеуге жарамсыз», – деді ол.

Шабуылдан кейін оқиға орнына ветеринар маман шақырылған. Қасқырдың өлексесі өртеліп, аумақ залалсыздандырылған. Ал зардап шеккен ер адам ауруханаға жеткізілді. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.

«Жангелдин ауданында болған оқиғаға қатысты айтарымыз, 1978 жылы туған науқас Арқалық өңірлік ауруханасына ауыстырылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Науқас медицина мамандарының бақылауында және клиникалық хаттамаларға сәйкес қажетті ем-дом қабылдап жатыр», – деп хабарлады Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қасқырлардың елді мекендерге жақындауының алдын алу үшін оларды атуға арнайы лимит белгіленеді. Биыл Қостанай облысында 108 қасқырды атуға рұқсат берілген. Алайда мамандар жыртқыштардың ауылға келуіне ауа райы мен құтыру ауруы да себеп болуы мүмкін екенін айтады.

Биолог Андрей Андрющенконың пікірінше, Ақкөл ауылындағы қасқыр құтырған болуы мүмкін.

«Қар ұзақ уақыт жатып, қасқырдың аң аулауы қиындаса, сау жануардың өзі адамға шабуыл жасауы мүмкін. Бірақ қазіргі ауа райында қалыпты қасқыр адамға ешқашан тап бермейді. Дені сау қасқырлар елді мекенге кірсе де, тек үйірімен және ауылдың шетіне ғана келеді. Сондықтан бұл құтырған қасқыр болуы мүмкін», – деді биолог.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button