Спорт

Женевада шахмат тәжі үшін тарихи матч басталды: Қазақстан басты ұйымдастырушылар қатарында

22 қараша күні Швейцарияның Женева қаласындағы БҰҰ-ның Еуропадағы штаб-пәтері – Ұлттар сарайында 2026 жылғы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың ресми ашылу салтанаты өтті. Әлемдік тәж үшін тақта басында қазіргі чемпион, үндістандық Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров кездеседі, деп хабарлайды Tiek.kz.

Швейцария 2004 жылдан бері алғаш рет әлемдік шахмат тәжі үшін өтетін матчты қабылдап отыр. Сонымен қатар бұл биыл қыркүйек айында Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланған Тимур Турловтың басшылығымен ұйымдастырылған алғашқы чемпиондық бәсеке.

Қазақстанның рөлі және символдық мән

Ауқымды шараны Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі бірлесе ұйымдастырды. Матчқа арналған ресми баспасөз мәслихатының Ұлттар сарайының «Қазақстан» залында өтуінің ерекше символдық мәні бар. Бұл зал 2013 жылы сол кезде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және ұйымның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметін атқарған (2011–2013 жж.) Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған болатын.

ҚР-дың Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан шахмат пен дипломатияның ортақ құндылықтарына тоқталды:

«Қазақстан үшін шахмат жай ғана спорт түрінен әлдеқайда биік. Шахмат пен дипломатияның арасында табиғи байланыс бар. Екеуі де стратегиялық ойлауды, сабырлылықты, көрегендік пен ережелерге құрметпен қарауды талап етеді. FIDE-нің «Gens Una Sumus» («Біз – бір отбасымыз») деген ұраны Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде ерекше мәнге ие болып отыр», – деді Ержан Қазыхан.

Өз кезегінде FIDE президенті Тимур Турлов еліміздің жылдың басты шахмат оқиғасын ұйымдастыруда шешуші рөл атқарғанын атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауы мен қазақстандық дипломаттардың еңбегіне алғыс білдірді. Сондай-ақ ол алдағы уақытта федерация ірі технологиялық корпорациялармен серіктестікті нығайтып, онлайн-шахмат пен көрсетілімдер сапасын арттыру үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен енгізетінін жеткізді.

Тарихтағы ең жас қарсыластар текетіресі

Биылғы финалдық матч әлемдік шахмат тарихындағы ең жас қарсыластардың кездесуімен ерекшеленеді – Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаровтың жасы небәрі 20-да. Бұған дейін классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчта мұндай жас ойыншылар ешқашан кездеспеген.

Қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу бұл бәсекенің нағыз сынақ болатынын айтты:

«Матчқа бұрынғыдан әлдеқайда тәжірибелі болып келгенімді сезінемін. Бірақ бірінші партия үшін үстел басына отырған сәтте осы уақытқа дейін болғанның бәрі ұмытылады. Жавохир Синдаров – қазіргі таңда бабына енген ең мықты ойыншылардың бірі. Мен осы он төрт партияда барымды салуға тырысамын».

Үміткер Жавохир Синдаров та бәсекеге жоғары көңіл күймен келгенін жеткізді:

«Бұл тәж үшін бақ сынайтыныма өте қуаныштымын. Бәсекенің өте ауыр болатынын білемін, дегенмен матчтан шынайы қуаныш алуға тырысамын. Кейбір шахматшылар өмір бойы ойнаса да, мұндай мүмкіндікке ие бола алмайды».

Матч форматы мен жүлде қоры

Әлемдік біріншіліктің негізгі ережелері мен ұйымдастырушылық деректері:

  • Басталуы мен өтетін орны: Алғашқы партия 24 қарашаға жоспарланған. Ойындар Колоньидегі Мартин Бодмер қорында өтеді.

  • Форматы: Матч классикалық уақыт бақылауымен 14 партиядан тұрады.

  • Жүлде қоры: 2,5 миллион АҚШ долларын құрайды.

  • Серіктестер: Чемпионаттың титулдық серіктесі – Salesforce, ал бас серіктесі – Freedom компаниялар тобы.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button