Заң үстемдігі
Тренд

Кәрім Көкірекбаевты түрмеден босату туралы сот қаулысының күші жойылды

12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі бостандыққа шыққалы жатыр деген ақпарат тараған еді.

Бұрынғы әкім Кәрім Көкірекбаевты жазасын өтеуден босату туралы сот қаулысының күші жойылды. 17-ші қарашада Алатау соты оны ауыр сырқатына байланысты босату туралы шешім шығарған. Алайда прокуратура бұл қаулыға шағым түсірді.

Апелляциялық сот Көкірекбаевтың ауруы жазадан босатуға негіз болатын сырқаттар тізіміне кірмейтінін анықтады. Осыған байланысты алғашқы сот шешімі жойылды.

Сонымен қатар негізсіз қорытынды берген медицина комиссиясының мүшелері, прокурор мен түзеу мекемесі өкілінің жауапкершілігін қарау үшін прокуратураға, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктеріне жеке қаулылар жолданды.

Бүгін Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, «Қазселденқорғау» мекемесінің экс-басшысы Кәрім Көкірекбаевты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы сот қаулысы қабылданды деген ақпарат тараған еді.

Кәрім Көкірекбаев 2025 жылғы шілдеде аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қылмыстық іс бойынша барлығы үш адам жауапқа тартылған. Сот Көкірекбаев пен тағы бір лауазымды тұлғаның алдын ала сөз байласып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік директорынан пара алғанын анықтаған.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button