
Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайына Су-30 жойғыш ұшағы келіп қонғаны туралы ақпарат тарады. БАҚ құралдарының жазуынша, ұшақ 20 ақпан күні таңертең келіп аялдаған.
«Ақ жайық» басылымының хабарлауынша, төртінші буындағы Су-30 жойғыш ұшағы шұғыл жағдайда қонған. Ұшқышқа медициналық көмек көрсетілген.
Басылымның жазуынша, ұшақты 1986 жылғы Ресей азаматы, Белорецк қаласының тумасы (Башқұртстан) Дмитрий Нифантьев басқарған. Ақпаратқа қарағанда, ол Каспий теңізі акваториясы үстінде әскери-жаттығу тапсырма орындаған.
Ұшу кезінде ұшқыш бағытынан адасып қалған. Осыдан кейін Атырау әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болған деп айтылады.
Басылымның жазуынша, жойғыш ұшақ штаттық жағдайда қонған, жолаушылар мен әуежайдың жұмысына қатер жоқ.
Жойғыш ұшақ жерде Атырауда ұзақ болмаған, оған медициналық көмек көрсетілген.
Тиісті процедуралар мен келісімнен кейін ұшақ Атыраудан ұшып, Ресейге оралған.
«Құзырлы органдар оқиғаның жай-жапсарын анықтап жатыр. Ресми түсініктеме берілген жоқ» деп жазды басылым.
Қазақстан қорғаныс министрлігі 21 ақпанға қараған түні 20 ақпан мен 10 наурыз аралығында Қазақстан мен Ресей әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің жоспарлы жаттығуы өтіп жатқанын хабарлаған еді.
«Жаттығу барысында әуе нысандарын анықтау және сүйемелдеу, әуе кеңістігін бұзған әуе кемелерін ұстап қалу, сондай-ақ оларды белгіленген әуеайлақтарға қонуға мәжбүрлеу міндеттері пысықталуда» — делінген жазылған хабарламада.
Атыраудағы оқиғаның бұған қатысы бар-жоғы белгісіз.



