«Сандық өсім әлі сапалы даму емес»: Құрылтай депутаты агроөнеркәсіп кешеніндегі басты міндеттерді атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту жөнінде бірқатар стратегиялық міндеттер жүктеген болатын. Осы орайда Құрылтай депутаты Мағжан Ералиев саланың қазіргі даму қарқынына баға беріп, өнімді терең өңдеу,қаржыландыру тетіктерін оңтайландыру және су үнемдеу бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Tiek.kz.
7 миллиард долларлық экспорт және терең өңдеуге көшу
Соңғы жеті жылда елімізде азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есеге ұлғайды. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, отандық диқандар 24,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы дақылын жинады. Нәтижесінде агроөнім экспорты 7 миллиард долларға жуықтады. Дегенмен депутат тек көлемді арттырумен шектелуге болмайтынын алға тартты.
«Дегенмен сандық өсім әлі де сапалы даму дегенді білдірмейді. Саланың тұрақты дамуы үшін өндіріс көлемін арттырумен қатар, оның тиімділігіне де назар аудару қажет», – деді Мағжан Ералиев.
Оның айтуынша, Қазақстан шикізат экспорттаушы елден жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруші мемлекетке айналуы тиіс. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібін дамытумен қатар, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін толық пайдаланып, сыртқы нарыққа шығудағы кедергілерді жою маңызды.
Несие рәсімдеуді жеңілдету және «Ауыл аманатына» тексеріс
Агросектордағы ең өзекті түйткілдердің бірі – қаржыландыруға қолжетімділік. Қазір шаруалар үшін несие рәсімдеу тым ұзақ уақыт алады, ал өтінімдерді қарау тәртібі күрделі. Осыған байланысты депутат мынадай бастамаларға назар аударды:
-
Бірыңғай тізбе және икемді несие: Агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін әзірлеп, екінші деңгейлі банктерді ауыл шаруашылығын кредиттеуге белсенді тарту қажет. Несие шарттары егіс науқанынан бастап өнімді сатуға дейінгі өндірістік циклге бейімделіп, цифрлық бағалау жүйелері кеңінен қолданылуы тиіс.
-
Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі: Бір-бірін қайталайтын аграрлық бағдарламалардың санына емес, нақты нәтижесіне мән беру керек. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасына 150 миллиард теңге бөлініп, ауылдарда 22 мың жұмыс орны ашылған. Депутат бұл жұмыс орындарының қазіргі уақытта қаншалықты сақталғанын тексеру қажеттігін атап өтті.
Агросақтандыру және 1,3 млн гектар су үнемдеу межесі
Климаттық өзгерістер жағдайында ауа райына ғана сеніп отыру тиімсіз. Қуаңшылық, үсік және мал аурулары шаруалардың көпжылдық еңбегін зая кетіруі мүмкін. Сондықтан елде агросақтандыру жүйесін дамытып,фермерлерді тәуекелдерден алдын ала сақтануға ынталандыратын тетіктерді күшейту қажет.
Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану күн тәртібіндегі басты мәселе болып отыр. Бүгінде еліміздегі суармалы жерлердің жартысынан азында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады. Ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 1,3 миллион гектарға жеткізу міндеті қойылған. Бұл межеге жету үшін суару арналарының жағдайын жақсарту, су жеткізу мүмкіндіктері мен электр желілерінің қуатын біртұтас жоспар аясында жаңғырту көзделуде.



