«Айнакөлден» «Оқжетпеске» дейін: Бурабайда экспресс электро пойыздар іске қосылуы мүмкін

Бурабайда электр пойыздары іске қосылып, күре жолдарда заманауи сервистік кешендер салынуы мүмкін. Астанада өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының отырысында туризм саласын тежеп отырған негізгі мәселелер мен инфрақұрылымдық жобалар талқыланды. Жиында кәсіпкерлер Бурабай жолдарындағы көлік кептелісін азайту, үш жұлдызды қонақүйлер тапшылығын жою, ұлттық парктердегі рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету және Текеліге туристік қала мәртебесін беру бастамаларын көтерді.
19 қарашада «Атамекен» ҰКП Төралқасының Туризм саласы комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар және туристік компаниялардың басшылары қатысты. Отырысты комитет төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов жүргізді.

«Президент туризмді дамытуды маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындады. Бүгін саланың дамуына қандай мәселелер кедергі болып отырғанын және оларды қалай шешуге болатынын талқылап жатырмыз. Кәсіпкерлер үшін шетелдік қонақтарды тарту да, қазақстандықтар үшін ішкі туризмді дамыту да маңызды», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Туризм индустриясы комитетінің дерегінше, 2025 жылы Қазақстандағы қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындары 10,1 млн адамға қызмет көрсеткен.
«Бурабай Экспресс» төрт туристік нысанды байланыстыруы мүмкін
2026 жылдың алғашқы он айында «Бурабай» ұлттық паркінің бес бақылау-өткізу бекетінде автокөліктердің парк аумағына 1,2 млн-нан астам рет кіргені тіркелді. Жолдардағы көлік жүктемесін азайту үшін PANA ASIA компаниясы ұзындығы 8,5 шақырым болатын туристік электр пойыздары желісінің жобасын ұсынды.
Ұсынылған алғашқы бағыт «Айнакөл» кешенін, Табиғат музейін, Аютас шолу алаңын және «Оқжетпес» шипажайын байланыстырады. Компанияның алдын ала есебінше, бір пойыз бір рейсте 300-ге дейін жолаушы тасымалдай алады. Сонымен қатар туристер көлігін қалдыра алатын тұрақтар салу және электр қуатымен жүретін су көлігін дамыту да ұсынылды.
150 нөмірлі қонақүй құрылысы 11 млрд теңгеге түсуі мүмкін
Colliers Kazakhstan дерегінше, 2025 жылы Алматыдағы үш жұлдызды қонақүйлердегі нөмірлердің толымдылығы 74%-ға жуықтаған.
«Біздің бағалауымызша, Алматыда үш жұлдызды қонақүйлерге сұраныс ұсыныстан 30%-дан астам жоғары. 150 нөмірлі заманауи қонақүй салу шамамен 11 млрд теңгеге түсуі мүмкін. Жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларының бір бөлігі үшін бұл сома тым жоғары, ал енді бір бөлігі үшін жеткіліксіз», – деді Colliers Kazakhstan компаниясының атқарушы директоры Әсел Мусабекова.
Компания құны 7–15 млрд теңге болатын қонақүй жобаларын қаржыландырудың жеке тетігін әзірлеуді ұсынды. Әсел Мусабекова шетелдік инвесторларды Қазақстанда қонақүй салуға тарту үшін қолайлы жағдай жасау мәселесін де көтерді.
Күре жолдарда 25-ке дейін қызмет көрсету кешенін салу ұсынылды
PANA ASIA компаниясының бағалауынша, республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолда 1 100-ге жуық заманауи қызмет көрсету нысаны жетіспейді. Осыған байланысты компания 20–25 кешеннен тұратын желі құруды ұсынды.
Мұнда жолаушылар тынығып, тамақтана алады, қажетті тауарларын сатып алып, медициналық көмекке жүгіне алады және электромобильдерін қуаттай алады. Компания алғашқы нысандарды 2027 жылы ашуды көздеп отыр.
Кәсіпкерлер ұлттық парктердегі жобаларды келісу рәсімін жеделдетуді ұсынды
Кәсіпкерлердің айтуынша, ұлттық парктердегі туристік жобаларды келісу кейде бір жылдан астам уақытқа созылады. Отырысқа қатысушылар туристік нысандарды орналастыруға болатын аумақтарды алдын ала айқындауды және табиғатты қорғау талаптарын ескере отып, жобаларға бірыңғай талап белгілеуді ұсынды.
Текеліге туристік қала мәртебесін беру ұсынылды
Green Tau демалыс үйлерінің иесі Роман Мартыненко Текеліге туристік қала мәртебесін беруді ұсынды. Оның айтуынша, демалыс орындарын дамытуға қолайлы аумақтарда өнеркәсіп нысандары салынып жатыр, ал бұл жергілікті қонақүйлердің жұмысына қауіп төндіреді.
Мартыненконың сөзінше, «Атамекен» ҰКП-ның көмегімен жағалауда демалыс орындары жұмыс істеп тұрған жер учаскелерін алып қою тоқтатылған. Құқықтық бағалау нәтижесінде жерді алып қоюға негіз жеткіліксіз деп танылған.
Отырыста Қазақстанға шетелдік туристерді әкелетін туроператорларға экспорттаушыларға арналған қолдау шараларын қолдану да ұсынылды. Туризм және спорт министрлігі, «Атамекен» ҰКП және тиісті мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің ұсыныстарын пысықтауды жалғастырады.



