«Түймебаевтың арқасы»: Тоқаев ҚазҰУ ректорын мақтады

Президент қазақстандық дипломдардың халықаралық деңгейде мойындалуына Жансейіт Түймебаевтың қосқан үлесін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған сөзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың еңбегіне ерекше тоқталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстанның білім беру біліктіліктерін халықаралық деңгейде тануға бағытталған Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылғанын атап өтті. Осылайша, Қазақстан аталған екі конвенцияға бірдей қосылған өңірдегі алғашқы мемлекет атанды.
«Бұл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Енді қазақстандық жоғары оқу орындарының дипломдары Батыста да, Шығыста да мойындалатын болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл – еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш – дейді Тоқаев. 2029 жылға қарай Қазақстанда білім алатын шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Study in Kazakhstan ұлттық бастамасын дамыту көзделген.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік университеттермен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті де атап өтті.
«Қазір ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының алғашқы кезеңі негізінен аяқталды деп айтуға болады. Осыған байланысты министр Саясат Нұрбекке алғысымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін, 2026 жылдың қаңтарында, Сенат ЮНЕСКО-ның Токио конвенциясын ратификациялаған болатын. Бұл құжат Қазақстан дипломдарын Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяны қоса алғанда, Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінде тану рәсімін жеңілдетуге мүмкіндік береді.


