Қазақстанда жемқорлыққа жол бергендердің ешқайсысы заң алдындағы жауапкершіліктен құтыла алмайды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Заң және Тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстан құрудың негізгі тірегі. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресте ешкімге аяушылық та, рақымшылық та болмайды. Президент жемқорлық халықтың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіріп, реформалардың нәтижесін жоққа шығаратынын атап өтті. Сондай-ақ кінәлілерді лауазымы, бұрынғы еңбегі немесе ықпалды қамқоршылары жауапкершіліктен құтқара алмайтынын ескертті. Заң алдында бәрі тең болуға тиіс.


