Ресейде ұшақ құлап, 19 адам көз жұмды

Кемерово облысында Ан-12 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, 19 адам көз жұмды
«Ұшақ елсіз ауданға құлады. Бортта экипаж мүшелерін қосқанда 19 адам болған, олардың барлығы қаза болды», – деп хабарлады РФ Қорғаныс министрлігі.
Борт жоспарлы ұшуды орындаған. Алдын ала нұсқа бойынша, ұшақ техникалық ақаудың салдарынан құлаған. Оқиға орнында ӘӘК комиссиясы жұмыс істеп жатыр.
Ұшақ әуежайға шамамен бес шақырым жетпей, ашық алаңға құлаған. Соққыдан ұшақтың бөлшектері 500 метр радиусқа дейін шашылған.
Оқиға орнына ТЖМ, полиция, Ұлттық гвардия, құқық қорғау және қадағалау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ апаттар медицинасының мамандары келді. Аумақ қоршауға алынып, жұмысқа тергеу органдарының басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ Кемерово, Топки және Кемерово аудандарының басшылары жұмылдырылды.
Ан-12 – Олег Антоновтың тәжірибелік-конструкторлық бюросында (ТКБ) жасалған кеңестік төрт қозғалтқышты турбовинтті әскери-көлік ұшағы. Алғашқы ұшуын 1957 жылы жасаған. Жеке құрамды, әскери техника мен жүктерді тасымалдауға арналған. Максималды жүк көтергіштігі – 20 тонна, ұшу жылдамдығы – сағатына шамамен 570 км. 1972 жылға дейін сериялық түрде шығарылған. Модификациясы мен құрылымына байланысты Ан-12 90-ға жуық әскери қызметкерді тасымалдай алады.



