Қоғам
Тренд

Белгілі айтыскер ақын Әсия Беркенова өмірден өтті

Қазақ руханияты мен төл өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Белгілі айтыскер ақын, сөз өнерінің майталманы Әсия Беркенова 76 жасында өмірден өтті, деп хабарлады tiek.kz.
Әсия Беркенова халқымыздың байырғы айтыс өнерінің қайта түлеуіне, ұлттық сөз өнерінің биік белеске көтерілуіне орасан зор еңбек сіңірді.
Ол сахна төрінде өзінің тапқырлығымен, терең парасатымен және ұлттық мүддені қорғаған өткір жырларымен тыңдарман қауымның жүрегінен ерекше орын алды.
Ақын 1950 жылы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. 1980 жылдардан бастап айтыс өнеріне белсене араласып, республикалық және халықаралық жыр додаларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста бірінші орын иеленді. 1990 жылы оған Қазақстанның халық ақыны атағы берілді.
Өнердегі және қоғамдық өмірдегі еңбегі үшін «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.
Әсия Беркенова  — тек айтыскерлігімен емес, ұстаздық қызметімен де танылған тұлға.
Артына өшпес өнеге мен рухани мұра қалдырған аяулы ақынның жарқын бейнесі халқының жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның отбасы мен жақындарына, барша өнерсүйер қауымға қайғырып көңіл айтамыз.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button