Оқиға

Астанада оқушы мектепке пышақ әкеліп, сыныптастарына шабуыл жасады

Астанадағы мектептердің бірінде 11-сынып оқушысы сабаққа пышақ алып келіп, қатарластарына шабуыл жасаған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.

Полицияның мәліметінше, зардап шеккен екі оқушы қызға медициналық көмек көрсетілген.

«Зардап шеккен екі оқушы қызға медициналық көмек көрсетілді. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған оқушы профилактикалық есепке алынып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Оқушы қыздың заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

«Бұдан бөлек, оқиғаның орын алуына себеп болған жағдайлар мен оған ықпал еткен факторларды жою жөнінде Оқу-ағарту басқармасы мен Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ тергеу аясында білім беру мекемесінің қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп толықтырды полиция.

Ал Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен оқушылардың жағдайына қатысты түсініктеме берді. Басқарманың мәліметінше, екі жасөспірімге де қажетті медициналық көмек көрсетілген. Дәрігерлердің тексеруінен кейін олар амбулаториялық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілген. Оқушыларды ауруханаға жатқызу қажет болмаған.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Полиция тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның өзге мән-жайларын жарияланбайтын.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button