Қоғам

Сұмдық! Алматыда егде әйелді он шақты ит талап тастаған

Жергілікті тұрғын ауласында отызға жуық ит ұстаған. Солар көшеде кетіп бара жатқан адамға шабуылдаған.

Қарасай ауданыны қарасты Ұмтыл ауылдық округінде сұмдық оқиға болды. 52 жастағы әйелді бір топ ит талап тастады. Абырой болғанда, көршілері байқап қалып, әйелді құтқарып қалған, деп хабарлайды tiek.kz

Әйелдің үсті-басының сау тамтығы қалмапты. Бірден жедел жәрдем шақырып, қансыраған  келіншекті аудандық ауруханаға жеткізген.

«Науқаста басының маңдай тұсында және аяқ-қолында көптеген тістелген жарақаттар анықталды. Дәрігерлер тарапынан науқасқа алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда. Ол травматалогия бөліміне жатқызылып, тиісті ем қабылдауда», – дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Әйелге шабуыл жасаған иттер иесіз емес, қожайыны бар мақұлықтар болып шықты. Жергілікті тұрғын ауласында отызға жуық ит ұстаған. Солар көшеде кетіп бара жатқан адамға шабуылдаған. Итіне ие бола алмаған 60 жастағы азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Иттердің 52 жастағы әйелге шабуыл жасауы фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеуде.

Жәбірленушіге қажетті медициналық көмек көрсетілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып, процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында иттердің иесі болып табылатын 60 жастағы күдікті анықталды.

Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

tiek.kz

Back to top button