«Келесі жылы мерзімінен бұрын президент сайлауы болып кетсе де, таң қалмаймын» — Ермұрат Бапи

Экс-депутат, Халық кеңесінің мүшесі Ермұрат Бапи Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында қазіргі ел ішіндегі саяси жағдайларға қатысты пікір білдірді.
Сұхбат барысында журналист Дәурен Сейітжанұлы «елімізде аз уақыттың ішінде бірнеше сайлау өтті, тым жиілеп кеткен жоқ па?», деп сұрады.
Ермұрат Бапидің айтуынша, мұның бәрі қажеттіліктен туындап отыр.
«Сайлау жиілеп кеткен жоқ па?» деген сауалдар орынды, әрине. Алда тағы мәслихат сайлауы келе жатыр. Бір жылда үш сайлау — Қазақстан тарихында болмаған жағдай. Референдум, құрылтай сайлауы, енді міне — жергілікті мәслихаттардың сайлауы. Мұны халықтық іс-шара сияқты көріп қалдық, бірақ бұл бір қажеттіліктен туып отыр деп ойлаймын.
Мұның бәрін қарап отырсаңдар, бәрі асығыс болып жатыр. Кейде өзім де ойламаймын, «бұл не асығыстық, жау қуып келе жатқандай» деп. Бірақ бұл жерде қажеттілік болып тұр. Әрі бұл қажеттілік қазіргі сыртқы тәуекелдерге байланысты елдің ішкі жағдайын дайындаудан туындап отыр деп ойлаймын. Сондықтан тіпті келесі жылы мерзімінен бұрын президент сайлауы болып кетсе де, мен таң қалмаймын.
Францияда пікірталас, сайлау өтті. Швейцарияда әрбір мәселе референдум арқылы шешіледі, пікірталас пен сайлау өтеді. Біз де оған үйренуіміз керек деп ойлаймын, бірақ оның қаржылық шығыны бар — ол бөлек әңгіме. Дегенмен, біз осы сайлаулар арқылы қоғамды өзін-өзі басқару тұрғысында тәрбиелеудің бір кезеңіне өтуіміз керек. Ол енді билік жаңа қоғамды қаншалықты ерте алып жүр, қоғамға қаншалықты мүмкіндік беріп жатыр — бұл басқа тақырыптың әңгімесі», — дейді Ермұрат Бапи.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



