«Ахи», «брат», «сестра», «абла» дегенді доғару керек: ҚМБД шүлдірлеп сөйлейтіндерге ескерту жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қоғамда кеңінен таралып кеткен араб және өзге тілдерден енген діни-тұрмыстық атаулардың орнына төл қазақша баламаларды қолдануға үндеді. Бұл мәлімдеме мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында көтерген сынынан кейін жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Құлшылық – арабша, қарым-қатынас – қазақша
Діни басқарманың түсіндіруінше, Құран сүрелерін, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлерді түпнұсқада, яғни араб тілінде оқудың өзіндік шариғи мәні мен тәртібі бар. Дегенмен күнделікті өмірде ана тілімізде бұрыннан бар сөздерді шет тіліндегі баламалармен алмастырудың еш қажеті жоқ.
«Күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізіп, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану – ана тілімізге деген құрметтің көрінісі. Мәселен, «ифтар» мен «сухур» ұғымдарының тілімізде ғасырлар бойы қалыптасқан «ауызашар», «сәресі» деген атаулары бар. Бұл сөздер халқымыздың ораза ұстау дәстүрімен біте қайнасқан. «Ауызашарға келіңіз», «сәресіге тұрайық» деген тіркестер үлкенге де, кішіге де етене таныс», – делінген ҚМДБ үндеуінде.
Намаз атаулары мен өзара сыйластық сөздері
Мүфтият бес уақыт намаздың да халқымыздың діни танымында әбден орныққан төл атаулары барын еске салды. Күнделікті әңгімеде, мешіт уағыздарында және намаз кестелерінде «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» деген атауларды қолдану тілдік дәстүрімізге толық сай келеді.
Бұдан бөлек, ҚМДБ өкілдері мұсылмандар арасында жиі кездесетін «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» сияқты сөздердің орнына қазақша баламаларды пайдалануды ұсынды.
«Мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал. Бұл атаулар жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды», – деп түсіндірді діни басқарма.
Еске салайық, бұған дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда араб сөздерінің орынсыз көбейіп кеткеніне назар аударған болатын.
«Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар», – деп атап өткен еді мемлекет басшысы.



