Ауылдан хат

Көкшетауда цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласының мамандары марапатталды

Көкшетауда Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған цифрлық экожүйені дамытуға және инновацияларды енгізуге үлес қосып жүрген 200-ге жуық IT-маман, әзірлеуші, байланыс саласының қызметкері және саланың өзге де өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушыларды Ақмола облысы әкімінің аппарат басшысы Ержан Жұмабеков құттықтады. Ол кәсіби мерекенің маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтті.

«Өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Телекоммуникациялық инфрақұрылым дамып, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және басқа да салаларға цифрлық шешімдер енгізілуде. Smart Aqmola жобасының республикалық деңгейде мойындалуы облыстың озық технологиялық шешімдерді жүзеге асыру әлеуетін көрсетеді.

Сонымен қатар алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қала және ауыл тұрғындары үшін заманауи цифрлық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейту және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру қажет. Цифрландырудың басты нәтижесі нақты өзгерістер мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту болуы тиіс», – деп атап өтті Ержан Жұмабеков.

Іс-шараның басты бөлігі сала мамандарын марапаттау рәсімі болды. Өңірдің цифрлық дамуына қосқан үлесі үшін 30-дан астам маман марапатталды.

Сондай-ақ осы күні Smart City Acceleration Demo Day аясында қалалық инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, экология және қауіпсіздік салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалардың таныстырылымы өтті.

Жалпы, 10 перспективалы әзірлеме ұсынылды. Олардың қатарында су тасқыны қаупі туралы алдын ала ескерту жүйелері, қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға арналған бейнеаналитика платформасы, қалдықтарды басқару кешендері және көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған интеллектуалды навигация жүйесі бар.

Үздік стартап-командалар өз әзірлемелерін Ақмола облысының аумағында пилоттық режимде енгізу мүмкіндігіне ие болады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button