Қоғам

Мәдениет министрлігі отандық «PARAQTA» кітап оқу қосымшасына қолдау көрсетеді

Қазақстандық «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасының авторлары – журналист, PR-маман Керім Аянқызы мен платформаны құрастырушы Ердәулет Құрал Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевпен кездесті. Жүздесу барысында отандық цифрлық жобаны дамыту және кітап қорын толықтыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Tiek.kz.

«Кітап оқитын ұлт» марафонының нәтижелері

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасы аясындағы жұмыстар сөз болды. Министрліктің үйлестіруімен өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» марафоны ауқымды нәтижелер көрсетуде. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам қатысушы тіркеліп, 842 мыңнан астам кітап оқылған. Сондай-ақ оқырмандар кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.

«PARAQTA» қосымшасы: 1 жыл ішіндегі жетістіктер

«PARAQTA» – кітапты бастап қана қоймай, соңына дейін оқып шығуға көмектесетін қазақстандық жоба. Онда электронды кітаптардан бөлек, қағаз кітап оқу да есепке алынады. Жобаның іске қосылғанына 1 жыл 2 ай болған. Жарты жыл бұрын сайты ашылса, екі апта бұрын App Store дүкенінде мобильді қосымшасы жарық көрді.

Жоба авторларының мәліметінше, қазіргі таңда платформаға 15 186 оқырман тіркелген. Қосымша арқылы 1,2 миллион бет және 10 738 кітап оқылып аяқталған. Сонымен қатар, платформа аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.

Министрлік қандай қолдау көрсетеді?

Қазіргі уақытта жобаның басты қажеттілігі – кітап қорын толықтыру. Платформада авторлық құқық мерзімі аяқталған 150-ге жуық кітап тегін ұсынылғанымен, оқырмандар тарапынан тікелей қосымша ішінде оқуға болатын кітаптар санын көбейтуге сұраныс жоғары.

Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі қосымшаның кітап қорын заңды негізде толықтыруға көмектесуге уәде берді. Бұдан бөлек, министрлік пен Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті бірлескен іс-шаралар мен офлайн кездесулер өткізуге арналған арнайы алаңдар қарастыру мәселесін қолдады. Жоба авторлары бұл мемлекеттік қолдау жастар арасында кітап оқу мәдениетін одан әрі кеңейтуге тың серпін беретінін атап өтті.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button