Батыс Қазақстанда Президент Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық топтың кездесулері өтті
11 қараша күні Батыс Қазақстан облысына келген республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері өңір жұртшылығымен кездесті. Шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген негізгі міндеттер мен басым бағыттар талқыланды, деп хабарлайды Tiek.kz.
Республикалық делегация құрамында ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Мұқаев, ҚР Құрылтайының депутаты Снежанна Имашева және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков болды. Топ мүшелері бірнеше сала өкілдерімен ашық диалог құрып, маңызды мәселелерді ортаға салды.
Білім сапасы және жастар әлеуеті
Алғашқы кездесулердің бірі Қазақ инновациялық-телекоммуникациялық жүйелер университетінде өтті. Оқытушылар мен студенттер қатысқан жиында білім беру жүйесін дамыту мен жастардың ел экономикасына қосатын үлесі сөз болды. Негізгі назар аударылған мәселелер:
-
Білім сапасын арттыру және оқу бағдарламаларын еңбек нарығының заманауи талаптарына бейімдеу;
-
Жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамыту және олардың әлеуетін жүзеге асыруға жағдай жасау;
-
Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласып, ел болашағына деген азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру.
Мәдениет және креативті индустрия
Бұдан кейін топ мүшелері «Ozge Epic» креативті хабында мәдениет саласының өкілдерімен кездесті. Мұнда ұлттық құндылықтарды сақтау, шығармашылық бастамаларды қолдау және креативті индустриялардың әлеуетін арттыру тақырыптары қозғалды. Қатысушылар мәдениеттің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлі жайлы пікір алмасып, отандық мәдени өнімдерді кеңінен насихаттап, талантты жастарға қолдау көрсету қажеттігін ерекше атап өтті.
Параспорт және салауатты өмір салты
Келесі кездесу мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінде спортшылармен өтті. Жиын барысында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, параспортты қолдау және спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі талқыланды. Спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және өз әлеуетін ашуына жол ашатын маңызды құрал екені айтылды. Сондай-ақ республикалық және халықаралық жарыстарда өңір намысын қорғап жүрген спортшыларды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы орталық мемлекеттік органдар мен өңір жұртшылығы арасындағы өзара байланысты нығайтып, Жолдаудан туындайтын алдағы стратегиялық міндеттерді бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған.



