Әлем

АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Пит Хегсетке импичмент жариялауды қолдамады

АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасындағы дауыс беру нәтижесі бойынша, қорғаныс министрі (әскери министр) Пит Хегсетке импичмент жариялау бастамасын 204 конгрессмен қолдап, 211-і қарсы болды. Сөйтіп, республикашыл конгрессмен Томас Мэсси ұсынған импичмент жөніндегі баптар заң комитетінің қарауына жолданды, деп хабарлады, Азаттық радиосы.

Пентагон басшысына импичмент жариялау туралы бастама көтерген Мэссиден өзге республикашылдардың бәрі – арасында Хегсетті сынап жүргендер де бар – импичментті қолдаудан бас тартты. Ал демократтардың басым бөлігі құжатты қолдап дауыс берді.

Іс жүзінде бұл қазіргі Конгрестің өкілет мерзімі аяқталғанға дейін осы мәселе қаралмайтынын білдіреді. Ал Конгрестің жаңа құрамы жұмысын 2027 жылғы қаңтарда бастайды. Қарашаның басындағы аралық сайлаудың қорытындысы бойынша, Конгресстің қос палатасында да көпшілік орынға демократтар ие болды.

Президент Дональд Трамп пен Пентагон өкілдері дауыс беру нәтижесін Хегсеттің сөзсіз жеңісі деп бағалады. Конгресстегі дауыс беру басталғанға дейін Хегсет бұл бастаманы «түк шықпайтын далбаса» деп атаған еді.

Пит Хегсетке импичмент жариялау туралы бастамада барлығы сегіз айып аталған. Олардың қатарында Иранмен соғыс кезінде билігін асыра пайдаланды деген айып та бар. Мэссидің сөзінше, Хегсет Конгрестің рұқсатынсыз соғыс қимылдарын жүргізген. Ирандағы бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны да айтылған. Бұған қоса айыптау құжатында АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операциясы және Пентагонның «есірткі тасымалдады» деген уәжбен Кариб теңізінде қайықтарға жасаған шабуылдары заңсыз болды деп көрсетілген.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button