«Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президентіне іздеу жарияланды

«Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды.
Оған 414 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген айып тағылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті 1954 жылғы 18 наурызда дүниеге келген Қазақстан азаматы Григорий Лорияны іздестіріп жатыр. Ведомство мәліметінше, күдікті Петропавл қаласының «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубын басқарған кезеңдегі қаржылық заңбұзушылықтарға қатысы болуы мүмкін.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2023 жылы «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының қызметін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген. Алайда ҚМА қызметкерлері аталған қаражаттың жұмсалуына қатысты заңбұзушылық белгілерін анықтаған. Тергеу нұсқасы бойынша, клубтың бұрынғы президенті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласқан.
Күдіктілер жалған қаржылық құжаттарды пайдаланып, бюджет қаражатының жеке шоттарға негізсіз аударылуын ұйымдастырған болуы мүмкін. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп пен салық есептілігіне шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізілгені анықталған. Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің нақты табысы, еңбекақы төлеу қоры және клубтың жылдық жиынтық кірісі төмендетіліп көрсетілген. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған әрекеттер салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 414 миллион теңгеден асқан.
Қазіргі уақытта Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланып, оның жүрген жерін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген азамат туралы қандай да бір мәліметі бар тұрғындарды құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.
«Егер іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз», – делінген ведомство хабарламасында.



