Қоғам
Тренд

«Ифтар», «сухур», «Әлхамдулиллаһ»: Тоқаев араб сөздерін жиі қолданатындарға ескерту жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі діни ұғымдардың орнына арабша сөздерді қолдану үрдісіне қатысты пікір білдірді. Айтуынша, дінге қатысты қазақша сөздер мен тіркестердің орнына араб тіліндегі баламаларын қолданылуы күмән тудырады.

«Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, кейінгі уақытта күнделікті сөйлеу барысында «Құдай қаласа» дегеннің орнына «Иншалла», «Құдайға шүкір» тіркесінің орнына «Әлхамдулиллаһ» сөздерін қолдану жиі кездеседі. Сол сияқты «ауызашар» сөзін «ифтар», ал «сәресі» сөзін «сухур» деп атайтындар да бар.

Президент сондай-ақ, қазақ тілінің сөздік қоры жаңарып, бұрын сирек қолданылған көптеген сөздің күнделікті қолданысқа енгенін оң өзгеріс ретінде бағалады. Атап айтқанда, ол «тұжырымдама», «қағидат», «сыйақы», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «жанармай», «көгалдандыру», «ғарыш», «зымыран», «ғаламтор», «тікұшақ», «пайыз», «сынып» және басқа да сөздерді мысалға келтірді.

Президенттің пікірінше, мұндай сөздердің кеңінен қолданылуы қазақ тілінің дамып, заман талабына бейімделіп жатқанын көрсетеді. Бірақ қазақ тілін дамытуда шектен тыс жасанды сөзжасамға жол бермеу керегін айтты.

«Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық» (пианино), «қылтима» (балкон), «субұрқақ» (фонтан), «себезгі» (душ), «қырыққабат» (капуста), «үнқағаз» (газет), «жеделсаты» (лифт), «желкөз» (форточка) және тағы басқа жасанды сөздердің керегі екіталай сияқты.
Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер. Сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет. Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды.Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын», – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы жұмыс тобының қызметін үйлестіруді Президент әкімшілігіне жүктеді.

Президент бүгін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайына қатысып, Президент қазақ тілінің дамуы, сөз қолданысы және тіл мәдениетіне қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button