Қоғам

«Полковниктерді тізерлетіп қоятын» алматылық келіншек қамауға алынды (ВИДЕО)


Алматыда әлеуметтік желіде өзінің ықпалды таныстары бар екенін айтып, жол қозғалысы ережелерін әдейі бұзған әйел қамауға алынды, деп хабарлайды tiek.kz.

Тексеру барысында оның бұған дейін сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.

Тексеріске TikTok желісінде жарияланған видео себеп болған. Кадрларда әйелдің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарып, жол қозғалысы ережелерін әдейі орындамайтынын айтады. Сонымен қатар ол құқық қорғау органдарындағы таныстарының бар екенін, полицейлердің жүргізуші куәлігін өзіне тізерлеп отырып,  әкеліп беретінін айтады.

«Менің байланыстарым мен мүмкіндіктерімнің қаншалықты зор екенін елестетіп көріңіздер, мен секілді адамға полковниктердің өздері иіліп тұрып куәлігін әкеліп береді», — дейді әйел.

Бұл видео Алматы полициясының назарын аударды. Тәртіп сақшылары жүргізушінің жеке басын анықтады. 1985 жылы туған алматылық тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, бұған дейін сот оны көлік құралын басқару құқығынан айырған, бірақ соған қарамастан, ол рөлге отыруын жалғастырған.

Құқық бұзушыға қатысты бірден бірнеше негіз бойынша әкімшілік іс қозғалды:  жүргізуші куәлігінен айырылғаннан кейін көлік басқару, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану ережелерін бұзу, сот шешімін орындамау және көрінеу жалған ақпарат тарату.

Көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды, ал іс материалдары сотқа жіберілді. Сонымен қатар автомобильдің басқа адамға тиесілі екені анықталды. Көлік иесі де жүргізуші куәлігінен айырылған азаматқа көлікті басқаруға бергені үшін жауапқа тартылды.

Алматы қалалық Полиция департаменті таныстық пен ықпалды байланыстардың азаматтарды жауапкершілікten босатпайтынын атап өтті.

«Заң алдында бәрі тең. Ешқандай таныстық, байланыс немесе негізсіз мәлімдемелер белгіленген талаптарды бұзуға құқық бермейді», — деп мәлімдеді полиция.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button