«Адамдар шыбынша қырылады»: Ахметбек Нұрсила оразаға қатысты тосын мәлімдеме жасады

Желіде соңғы кездері өзін нейробиолог ретінде таныстырып жүрген Ахметбек Нұрсиланың кезекті видео жазбасы шу болып жатыр. Кәсіпкер оразаның зиянын айтып, жұртты ауыз бекітпеуге шақырған, деп хабарлайды tiek.kz.
Оның айтуынша, жаз мезгілінде ораза ұстау денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Ашыққан кезде ағзаға салмақ түседі. Әсіресе су ішпеген жағдайда қан қоюланып, инсульт пен инфаркт қаупі бірнеше есе артады.
«Жаздың күні ораза кезде адамдар шыбынша қырылады. Ауруына ауру жамайды. Неге десеңіз, жазда күн өте ұзақ әрі ыстық. Қаның қоюланады, одан кейін холестерин жиналады. Содан инсульт, инфаркт алу қаупі 100 есе артады. Өйткені қанның 90%-ы су. Сен су ішпегеннен кейін сөйлеген кезде аузыңнан дем шығады, терлеген кезде сонымен бірге кетеді. Қаның одан сайын қоюланады», — дейді ол.
Оның пікірінше, денсаулығы мықты адам аштыққа шыдауы мүмкін, алайда әлсіз жандар үшін бұл үлкен қауіп. Сол себепті ол сусыз емес, су ішіп ашығуды ұсынды.
«Сондықтан ашыққан кезде сусыз емес, су ішіп ашығу керек. Имамға былай айтыңыз: екі жолы бар. Мен ораза ұстағым келеді, бірақ су ішіп ашығайын. Болмаса толық ашығайын, ауырсам – ауырайын. Қалай жауап береді көріңіз. Су ішу керек, онсыз өмір жоқ», – дейді кәсіпкер.
Бірер күн ішінде 200 мыңнан астам қаралым жинаған видео желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызып жатыр. Көпшілік оның тұжырымымен келіспейтінін білдіріп, оразаның шарттары мен денсаулыққа қатысты мәселелер діни және медициналық тұрғыда нақты түсіндірілуі тиіс екенін жазған.
«Бұрын бизнесті үйрететін едіңіз, енді медицинаға көштіңіз бе? Оттай бермеңіз», «Шілденің ыстығында да ұстадық, қырылған ешкім жоқ», «Өмір бойы ыстық болатын араб елдерінде ешкім қырылмайды ғой. Өтірікті қалай айтасыңдар», «Бояушы бояушы деген сайын сақалын бояптыға келіп тұрсың», — деп жазды желі қолданушылары.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



