Экономика

Жолдау — 2026: Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртатын, экономиканы әртараптандыратын және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді реформаларымен ерекшеленіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл өз кезегінде елімізді тұрақты дамудың жаңа биігіне көтереді.

Президент өз Жолдауында еліміздің алдында тұрған түбегейлі өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп:

«Біз алдымызға қойылған ауқымды міндеттерді тек бірлескен жұмыс арқылы ғана жүзеге асыра аламыз. Әрбір реформаның түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, елдің экономикалық дербестігін нығайту және мемлекеттілігімізді барынша бекемдеу», – деп атап көрсетті.

Жолдауда көтерілген басты бағыттардың бірі – инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту және экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Осы мақсатта ел тарихындағы ең ауқымды «Халықтық құрылыс» бастамасы көтеріліп, 2027 жыл Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы болып жарияланды. Бұл бастама аясында барлық өңірлерде әлеуметтік нысандар, көлік жолдары, коммуналдық желілер мен тұрғын үйлер салынып, халықтың тұрмыс сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.

Екінші маңызды басымдық – бизнес пен инвестициялық ахуалды жақсарту. Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі тірегі. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізу, заңсыз кедергілерді жою және ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін іске қосу міндеттері қойылды. Сондай-ақ жаңа инвестициялық соттардың жұмысы мен орталықтандырылған жүйенің қалыптасуы елімізге шетелдік және отандық капиталды тартуға тың серпін береді.

Үшінші маңызды бағыт – адам капиталын дамыту және әлеуметтік әділдік. Яғни өскелең ұрпақ пен сапалы білім-ғылым жүйесіне де ерекше басымдық берілетін болып отыр. Сондай-ақ, мектеп пен балабақша құрылысын жеделдету, инклюзивті білім беруді дамыту және медициналық инфрақұрылымды нығайту басты назарда.

Жолдаудың ең басты ерекшелігі  — ең төменгі жалақыны арттыру жайлы болып отыр. Тоқаев Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі айлық жалақыны 85 000 теңгеден (186,55 АҚШ доллары) 110 000 теңгеге (241,42 АҚШ доллары) дейін көтеруді тапсырды. Бұл шара 1,8 млн адамның, оның ішінде мемлекеттік сектордағы 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға тиіс.

Алғашқы медициналық көмек мамандарының жалақысы. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласындағы мамандардың еңбекақысы үздіксіз еңбек өтіліне байланысты 40%-ға дейін арттырылады. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам маманға әсер етеді.

Экономистер мен сарапшылардың айтуынша, бұл шешімнің бірнеше маңызды аспектісі бар.  Атап өтер босақ, Президенттің ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру шешімі кедейлік деңгейін төмендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді.

Шара 1,8 миллионға жуық адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің (мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері және т.б.) кірісін арттырады деп күтіліп отыр.

Кедейлік шегінен шығару: Ең төменгі жалақы алатын азаматтардың табысы өсіп, олардың ресми кедейлік деңгейіне түсіп кетуінің алдын алады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button