Әлем

«Қытайлық тыңшы әйелмен көңілдес болған»: Nvidia басшысы туралы шулы ақпарат тарады 

Дженсен Хуанг 23 қазанда Ақордада Тоқаевтың қабылдауында болған еді.

Әлемдегі ірі чип өндірушілердің бірі NVIDIA компаниясы басшысы Дженсен Хуангтың іскерлік байланыстарына қатысты ішкі тексеру бастады.

Бұған оның Қытайға ақпарат берді деген күдікке ілінген кәсіпкер әйелмен байланысы туралы мәлімет себеп болған. Сонымен қатар АҚШ билігі Сингапурда тіркелген Mega Speed компаниясының қызметін тексеріп жатыр. Бұл кәсіпорын NVIDIA-дан жасанды интеллектке арналған чиптер сатып алады.

Тергеушілер компанияның Қытайға экспорттауға тыйым салынған озық чиптерді жеткізуге қатысы бар-жоғын анықтайды. NVIDIA әзірге құпия ақпараттың сыртқа шыққанын растайтын дәлел жоқ екенін мәлімдеді. Дженсен Хуанг тексеруге қолдау білдірген.

«Директорлар кеңесі АҚШ-тың ұлттық және экономикалық қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Бұл – Nvidia мен оның акционерлері үшін аса маңызды мәселе. Қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздікке немесе компанияның құпия деректеріне нұқсан келгеніне күмәндануға негіз жоқ. Дегенмен кеңес тағайындаған тергеу қолда бар барлық ақпаратты жан-жақты тексереді», – делінген компания хабарламасында.

Ал Қытай тарапы тыңшылық туралы айыптауларды жоққа шығарып, оларды «негізсіз жорамал» деп атаған. Бұған дейін Дженсен Хуанг Bloomberg басылымына берген сұхбатында Элис Хуангпен байланысы тек жұмысқа қатысты болғанын айтқан. Оның сөзінше, екеуінің Megaspeed компаниясымен байланысты қалыпты іскерлік қарым-қатынасы болған.

«Біздің қарым-қатынасымыз бен байланысымыз Megaspeed компаниясына қатысты болды. Онда ешқандай оғаш немесе әдеттен тыс жағдай болған жоқ», – деген еді ол.

Алайда осы демалыс күндері Nvidia басшысы әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, бұл әрекеті үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеді.

«Мен әйеліме опасыздық жасадым. Бұл әрекетім оған да, балаларымызға да ауыр тиді. Менің істегенімді ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Олардан шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды Дженсен Хуанг.

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Дженсен Хуанг 23 қазанда Ақордада Тоқаевтың қабылдауында болған еді. Кездесуде ол Physical AI бағытының әлемдік хабына айналдыруды ұсынды.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button