Әлем

Краковтағы қырғын: күдікті шабуылдан бұрын ата-анасы мен әпкесін өлтірген

Күдікті Михал О. токарь болып жұмыс істеген.

Польшадағы Краков қаласында адамдарға оқ атқан 24 жастағы ер адам бұған дейін өз отбасын өлтіргені белгілі болды. Оның үйінен ата-анасы мен әпкесінің мәйіті табылған.

Құқық қорғау органдары күдіктінің Островец-Свентокшиский қаласындағы үйін тінту кезінде оқ жарақатынан көз жұмған екі әйел мен бір ер адамның мәйітін табылғанын хабарлады.

Ұзамай Польша премьер-министрі Дональд Туск пен Ішкі істер министрлігі қаза тапқандардың күдіктінің анасы, әкесі және әпкесі екенін растады.

Күдікті Михал О. токарь болып жұмыс істеген. Әскери қызметке қатысы болмаған. Шабуыл кезінде үстіне камуфляж күртесін киген.

Ол қаладағы атыс клубтарының бірінің  мүшесі және екі қаруды заңды түрде сақтауға рұқсаты болған.

Ал шабуыл кезінде қолданған қарудың бір бөлігі әкесінің атына тіркелген. Әкесінің атына спорттық және аңшылық мақсаттағы 11 қару рәсімделген.

Польша Ішкі істер министрі Марцин Кервиньскийдің айтуынша, күдікті жалғыз әрекет еткен және әсіре оңшыл радикалды көзқарасты ұстанған.

Прокуратура оған жаппай адам өлтіру және терроризм баптары бойынша айып тағуға дайындалып жатыр. Оқиғаға байланысты Польшада ұлттық аза тұту жарияланған.

Іс терроризм белгілері бойынша тергеліп жатыр

8 қарашада Польша прокуратурасы Краковтағы атысқа қатысты тергеуді терроризм белгілері бар қылмыс ретінде бастады. Прокурорлар әзірге алты адам өлімі бойынша айып тағуды көздеп отыр. Егер күдіктінің отбасы мүшелерінің өліміне де қатысы дәлелденсе, айып саны тоғызға дейін артуы мүмкін.

Польша билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 16 адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында шетел азаматтары да бар.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button