
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі айтыскер ақын Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы жеткізді.
Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақ арасында тәрбиеленіп, қазақ тілінде білім алған.
1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлдегер атанды. Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсірілген. Кейін Жамбыл аудандық және Алматы облыстық айтыстарында бірнеше рет жеңіске жеткен.
Ақынның «Елім менің», «Көңіл хошы» атты жыр жинақтары жарық көрген. «Көңіл хошы» жинағы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болды.
1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев мұражайын басқарды.
Қазақстан Жазушылар одағы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.



