«Отбасы банкіндегі» ақшамызды жеке шотқа аударып жіберді»: Астаналық кәсіпкер сот орындаушыларының үстінен шағымданып жатыр

Tiek.kz редакциясына Ғалия Мұқамбетқызы есімді кәсіпкерден хат келіп түсті. Кәсіпкер өз хатында заңдық кедергілерге тап болып жатқанын атап өткен.
Айтуынша, маусым айының соңында жарнама арқылы бір азаматша келіп, дайын наубайхана бизнесін сатып алған. Өндірістің барлық ішкі үдерістерімен танысып, келісіп, уағдаласылған ақшаны төлеген. Алайда бір айдан кейін сатып алған адам оның үстінен арыз түсірген. Арызға жұмыстың дұрыс жүрмей жатқанын негіз еткен. Яғни өз арызында ақшаның жеке кәсіпкердің (ЖК) шотына түскенін негізге алып, «негізсіз баю» ретінде қайтаруды талап етіп, Астана қаласының ауданаралық сотына арыз жазған.
«Бұл істі біздің қатысуымызсыз, бізден ешқандай түсініктеме немесе қарсылық сұрамай, оңайлатылған (жазбаша) тәртіппен біржақты қарап, 31 тамыз күні сот талапкердің пайдасына шешім шығарып жіберген», — дейді ол.
Сондай-ақ осы сот процесі туралы үй поштасына да, телефонға да, «Электрондық үкімет» (egov) порталына да ешқандай хабарлама келмегенін айтады.
«10 жылдан бері қолданып жүрген нөмірім барлық жерде тіркелген. Бұған дейін пошта қызметкері талай рет хабарласып, мекенжайға хат қалдырып кеткенін ескерсек, хабарлама нақты жіберілмегені анық. Ал «Сот кабинетіне» келді десе де, қарапайым азамат жүйені күнде ашып тексеріп отырмайтыны белгілі. Сондықтан өз дәлелдерімізді сотқа ұсыну мүмкіндігінен мүлдем қалыс қалдық. Бұл шешімнің барын тек екі ай өтіп кеткенде яғни 24 қазанда сот орындаушысы көлігімізге тыйым салған кезде бір-ақ білдік», — дейді Ғалия.
Осыдан соң олар қайта шағымданып, сотқа жүгінген. Алайда содан бері біраз уақыт өтсе де арыз қаралмай отыр. Есесіне сот орындаушылары есепшоттарын бұғаттап тастаған.
«27 қазанда кешкісін заңгер арқылы сотқа сырттай шығарылған шешімнің күшін жою туралы арыз жазып, ресми талонын алдық. Алайда арада сонша уақыт өтсе де, сот бұл арызды әлі қараған жоқ. Ал бұл уақытта сот орындаушысы 31 тамыздағы сот шешімін негізге алып, барлық мүлік пен шоттарды бұғаттауды жалғастыруда.
Сот жүйесінің істі тек біржақты қарап шешім шығаруы — ол аздай бізді хабарсыз қалдыруы қаншалықты заңды? Сондай-ақ заңмен белгіленген арызды қарау мерзімі қанша уақыт екенін білгіміз келеді. Қазір жеке сот орындаушысы барлық шотқа, оның ішінде «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй жинақ шотына да тыйым салып тастады. «Отбасы банкіндегі» қаражатқа тыйым қою заңды ма?
Сонымен қатар, заңгеріміздің айтуынша, егер соттан шешімнің күшін жою туралы ресми ұйғарым уақытында жетпесе, сот орындаушысы шотымыздағы ақшаны (жалақыдан ұсталған 50%-ды) және «Отбасы банкіндегі» ақшаны да өндіріп алушы жақтың жеке шотына аударып жібереді. Ал ол азаматшаның тұрақты жұмыс орны бар-жоғы белгісіз болғандықтан, ертең сот шешімі жойылған күннің өзінде ол ақшаны кері қайтару мүмкін olmay қалу қаупі өте жоғары дейді. Осы жайттар қаншалықты заңды? Егер заңсыз болса, қайда шағымдануға болады?
Сот 31 тамызда оңайлатылған тәртіппен шешім шығарғанымен, кейін 2 қыркүйекте және 30 қыркүйекте шыққан сот ұйғарымдарында талапкердің мүлікке тыйым салу туралы өтініштерін қанағаттандырудан бас тартып: «Жауапкерге шешім туралы белгілі және жорамалдар қамтамасыз ету шараларын қабылдауға негіз бола алмайды» деп нақты көрсеткен. Яғни, соттың өзі қыркүйек айында бұл талаптардың әлі де дәлелсіз, асығыс екенін көрсетіп отыр.
Бірақ соған қарамастан, сот орындаушысы бұл жағдайды елемей, бүкіл мүлік пен шоттарға тыйым салып тастады. Соттың өзі тыйым салуға негіз жоқ деп отырғанда, жеке сот орындаушысының бұлай жаппай тыйым салып, қысым жасауы қаншалықты заңды?», — деп атап өткен шағым иесі.
Осы мәселе бойынша белгілі заңгер Сағи Ораздың пікірін білген едік. Заңгердің айтуынша, дайын кәсіпті сатып алу кезінде ақшаның жеке кәсіпкердің банктік шотына аударылуы өздігінен «негізсіз баю» болып есептелмейді. Сондай-ақ бұл мәселенің өте өзекті екенін атап өтті. Бір Ғалия ғана емес, көптеген кәсіп иелері осындай мәселеге тап болып жатады.

Енді заңгердің осы сұрақтар бойынша берген кеңестеріне назар аударсақ:
1. Дайын кәсіпті сатып алу кезінде ақшаның жеке кәсіпкердің банктік шотына аударылуы өздігінен «негізсіз баю» болып есептеле ме? Егер тараптар келісіп, сатып алушыға кәсіптің жабдықтары, өндірістік процестері, жұмыс істеу тәртібі таныстырылып, іс жүзінде бизнес тапсырылса, мұндай мәмілені негізсіз баю ретінде бағалауға бола ма?
Дайын кәсіпті сатып алу кезінде ақшаның жеке кәсіпкердің банк шотына аударылуы өздігінен негізсіз баю болып есептелмейді. Не себепті? Өйткені тараптар кәсіпті сатып алу барысында келісімшартқа отырады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, бұл келісімшарт ауызша немесе жазбаша түрде жасалуы мүмкін. Егер екі кәсіпкер арасындағы мәміле сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын болса, бұл шарттарды жазбаша түрде жасасқан дұрыс.
Егер жазбаша шарт жасалмаған болса және тараптар «негізсіз баю» уәжімен сізге қарсы сотқа жүгінген жағдайда, сіз бұл жерде негізсіз баюдың жоқтығын дәлелдеуіңіз қажет. Азаматтық процестік кодекстің талаптарына сәйкес, әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде көрсеткен мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Сондықтан негізсіз баюдың жоқтығын дәлелдейтін бірден-бір басты дәлел — араларыңыздағы сатып алу-сату шарты немесе соның орындалуын растайтын құжаттар. Бұл жағдайда негізсіз баю белгілері қарастырылмайды.
Егер тараптар өзара келісіп, сатып алушыға кәсіптің жабдықтары, өндірістік процестері, жұмыс істеу тәртібі толық таныстырылып, бізнес нақты тапсырылса, мұндай мәселені негізсіз баю ретінде бағалай алмаймыз. Бұл жерде сіз кәсіпкер ретінде кәсіпкерлік тәуекелдерді ескересіз. Тәуекел орын алғаннан кейін, оның әрі қарай жүріп кетуі немесе жүрмеуі — кәсіпкерлік тәуекел болып есептеледі. Сондықтан негізсіз баю арқылы ақшаны өндіріп алуға негіз жоқ деп есептеймін.
2. Сатып алушы кәсіпті бір ай бойы өзі жүргізіп, кейін оны басқара алмаған жағдайда ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы ме? Мұндай жағдайда кәсіпкерлік тәуекел мен сатушының жауапкершілігі қалай ажыратылады?
Екінші мәселе бойынша, кейде сатып алушы кәсіпті белгілі бір мерзім аралығында өзі басқарып, кейін оны жүргізе алмай қалғаннан кейін, сатушыдан ақшаны қайтаруды талап ететін жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайда сатып алушының сатушыдан ақшаны тікелей қайтарып беруді талап етуге заңды құқығы жоқ.
Бұл мәселені тек сот тәртібінде ғана қарастырып, ақшаны қайтаруға негіз болған жағдайларды дәлелдеу қажет. Егер тараптардың арасындағы келісімшартта белгілі бір тармақтар мен талаптар орындалмаған жағдайлар қарастырылса, тараптар шарттың бұзылуына байланысты сотқа жүгінуге құқылы.
Дегенмен, бұл жерде шарттың жазбаша немесе ауызша жасалғанына маңыз беріледі. Егер жазбаша шарт орын алып, ондағы көрсетілген талаптар сатушы немесе сатып алушы тарапынан орындалмаса, тараптар сотқа жүгіну арқылы бұзылған құқықтарын қалпына келтіре алады.
Ал егер ауызша келісім болса, тараптар арасындағы нақты уағдаластықтың мазмұнын куәгерлер немесе өзге де дәлелдер арқылы дәлелдеу қажет, содан кейін ғана сот оған құқықтық баға береді.
Ең басты мәселе — «кәсіпкерлік тәуекел» ұғымы. Қандай да бір кәсіппен айналыса бастағаннан кейін, кәсіпкер ретінде барлық тәуекелдерге өзіңіз баға бересіз және оның салдарына өзіğiniz жауапты боласыз. Бұған сатушының ешқандай қатысы жоқ. Егер тараптардың шарттағы міндеттері нақты бұзылмаған болса, тек «бизнесті жүргізе алмай қалдым» деген уәжбен ақшаны қайтарып алу мүмкін емес.
3. Азаматтық процестік кодекстің 267-3-бабына сәйкес сот тараптарды істі оңайлатылған (жазбаша) тәртіппен қарау туралы қалай хабардар етуге міндетті ме?
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (АПК) 267-3-бабына сәйкес, сот тараптарды істің оңайлатылған (жазбаша) тәртіппен қаралатыны туралы тиісті түрде хабардар етуге міндетті.
Хабардар ету тәсілдері мыналар болуы мүмкін:
-
Электрондық пошта арқылы;
-
Ұялы телефонға SMS-хабарлама жіберу арқылы;
-
WhatsApp немесе өзге де мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы;
-
Соттың хабарлама жіберілгенін және оның жеткізілгенін растайтын өзге де байланыс құралдары мен қосымшаларын қолдану арқылы.
Егер сот хабарламаның тиісті түрде жеткізілгенін растаса, онда тарап хабардар етілді деп есептеледі.
Ал жауапкер тарап оңайлатылған іс жүргізудің басталғанын білді ме, жоқ па деген мәселе сот жолдаған хабарламаның тәсілі мен жеткізілу дәлелдері арқылы бағаланады. Көбінесе оңайлатылған тәртіппен қаралатын істер бойынша жауапкерлерге мұндай хабарламалар немесе SMS-тер бармай қалатын жағдайлар орын алады.
Егер сізге сот шешімі шыққаны кейін белгілі болса, заң бойынша сот шешімінің күшін жою туралы өтініш беру үшін бес күн мерзім беріледі. Осы арқылы сіз өз құқықтарыңызды қалпына келтіре аласыз. Шағымдану барысында сот хабарламасының мүлдем келмегенін және тиісті түрде хабардар етілмегеніңізді дәлелдеуіңіз қажет.
4. Соттың шешімді тараптарды сот отырысына шақырмай шығаруы қаншалықты заңды? Қандай талаптар сақталуы керек? Азаматтың телефон нөмірі сот органдарында тіркелгенімен, оған SMS, электрондық пошта немесе өзге де тиісті хабарлама келмесе, сот азаматты хабардар етілді деп есептей ала ма? Сот шешімі «Сот кабинеті» жүйесінде жарияланған жағдайда ғана жауапкерді тиісінше хабардар еттік деп санауға бола ма?
Соттың істі тараптарды сот отырысына шақырмай (сырттай немесе оңайлатылған тәртіппен) шешім шығаруы заңмен тікелей қарастырылған. Егер тараптарға заңда көрсетілген тәсілдермен тиісті түрде хабарланса және олар белгіленген мерзімде жауап немесе қарсылық бермесе, сот тараптардың қатыспау себептерін анықтап, жолданған хабарламаларға баға бере отырып, істі сырттай немесе жазбаша тәртіппен шеше береді.
Азаматтың телефон нөмірі сот органдарында тіркелгенімен, SMS, электрондық пошта немесе өзге де хабарламалар келмеген жағдайда, сот азаматты тиісті түрде хабардар етілді деп есептей ала ма деген сұраққа келсек: қазіргі таңда сот органдарының бірыңғай жүйесі (бұрынғы «Сот кабинеті» немесе соттардың ресми порталдары арқылы) SMS-хабарламаның жеткізілгендігін немесе жеткізілмегендігін автоматты түрде тіркейтін есеп жүйесін қолданады. Егер жүйеде хабарламаның жеткізілгені туралы белгі (отчет) тұрса, сот оны тиісті хабардар ету деп есептейді. Алайда хабарлама мүлдем келмегені немесе техникалық ақаулар болғаны дәлелденсе, бұл шешімнің күшін жоюға негіз бола алады.
5. Азамат соттың талап арызды қабылдағанынан да, істің қаралғанынан да бейхабар болса, бұл сот шешімінің күшін жоюға негіз бола ала ма?
Иә, егер тарап немесе азамат қабылданған сот шешімі туралы мүлдем білмегенін және оған соттың өндіріске қабылдағаны немесе қаралып жатқаны туралы ешқандай хабарлама келмегенін құжат жүзінде растей алса, бұл сот шешімінің күшін жоюға тікелей негіз бола алады.
Бұл жағдайда жоғары тұрған сотқа апелляциялық немесе жеке шағым түсіру арқылы өз құқықтарыңызды қалпына келтіруге құқығыңыз бар. Сотқа өз уақытында хабардар етілмегеніңізді дәлелдейтін мән-жайларды ұсынсаңыз, сот істі қайта қарап, заңды шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
6. Азаматтық процестік кодекстің 267-4-бабында көзделген шешімнің күшін жою туралы арыз беру мерзімі қай күннен бастап есептеледі?
Тараптардың қабылданған сот шешімінің күшін жою туралы арыз беру мерзімі — оның өзіне белгілі болған сәттен бастап есептеледі.
Егер іс бойынша оңайлатылған тәртіппен шығарылған шешімнің көшірмесі сот орындаушысына тапсырылып, атқарушылық іс жүргізу қозғалған жағдайда немесе басқа тәсілдермен жеткізілген болса, заңда белгіленген мерзімдер қолданылады.
Жалпы тәртіп бойынша, сот шешімі шыққаннан кейін тараптарға онымен келісетіндігі немесе келіспейтіндігі туралы өз ұстанымын білдіру үшін бір айлық мерзім беріледі. Сондықтан осы бір ай мерзім ішінде сот шешіміне қарсы тиісті шағымдар мен арыздарды беріп, бұзылған құқықтарыңызды қорғауға толық мүмкіндігіңіз бар.
7. Мүлікке тыйым салудан сот бас тартқан жағдайда, жеке сот орындаушысы (ЖСО) кейіннен сол мүлікке және банктік шоттарға тыйым салуға немесе сот шешімінің күшін жою туралы арыз қаралып жатқан кезде шоттағы ақшаны өндіріп алушыға аударуға құқылы ма?
Бүгінгі таңда оңайлатылған (оңайлатылған жазбаша) өндіріс тәртібімен қабылданған сот шешімдері бойынша атқарушылық өндіріс қозғалып, сот орындаушылар борышкерлердің банктік шоттарын бұғаттайды. Сонымен қатар, тиісті іс-әрекеттер жүргізу арқылы борышкердің қандай мүлкі бар екенін анықтайды және оған қатысты басқа да ақпараттарды жинайды.
Осы ретте борышкер атқарушылық құжат негізінде қойылған шектеулер туралы білген сәттен бастап, оңайлатылған тәртіппен қабылданған шешімнің күшін жою туралы арыз беру үшін заңда белгіленген 5 күндік мерзім есептеле бастайды. Тұтас алғанда, білген күннен бастап 5 күн уақыт беріледі.
Осы 5 күн ішінде оңайлатылған тәртіппен қабылданған шешімнің күшін жою туралы арыз сотқа жолданады.
Сот арызды өндірісіне қабылдағаннан кейін, шешімді бұзуға қандай негіздер бар екендігіне баға береді. Содан соң қабылданған шешімнің күшін жою немесе оны күшінде қалдыру туралы тиісті ұйғарым шығарады. Іс осылайша әрі қарай жүзеге асырылады.
Егер оңайлатылған тәртіппен қабылданған шешімнің күші жойылса, осы ұйғарым сот орындаушыға жіберіледі де, оның өндірісіндегі атқарушылық құжаттың күші жойылады. Нәтижесінде қойылған шектеулердің барлығы алынып, екінші деңгейлі банктермен (банк институттарымен) қалыпты жұмыс қайта жанданады.
Сондай-ақ, егер оңайлатылған тәртіппен қабылданған шешім заңды әрі негізді деп танылып, күші жойылмаса, сот орындаушы өз жұмысын ары қарай жалғастырады, яғни сот шешіміне сәйкес өндірілуі тиіс сомаларды өндіріп ала бастайды.
Бұл ретте сотқа шешімнің күшін жою туралы арыз берілген кезде, өз уәждерін дәлелдейтін, растайтын және негіздейтін құжаттардың барлығын қоса тіркеп сотқа жіберу және іске қатысу міндетті болып табылады.
Сонымен бірге, сот шешімінің күші жойылған жағдайда сот орындаушылар борышкерлерден өздерінің орындаушылық іс-әрекеттері үшін ұсталатын ақыны өндіріп алмайды (ұстамауға тиіс).
Сот орындаушылардың іс-әрекетіне қалай баға беруге болатынына тоқталсақ, елімізде «Борышкерлердің бірыңғай тізілімі» (тиісті сілтеме) ақпараттық жүйесі бар. Жұртшылық арасында ол көбіне «Реестр должников» деп аталып кеткен. Осы сайтқа кіру арқылы әрбір азамат өзіне қатысты қозғалған, тоқтатылған немесе өндірістегі атқарушылық құжаттарға байланысты барлық ақпаратты ала алады.
Азаматтар осы ақпараттық жүйе арқылы сот орындаушының қандай жұмыстар атқарғанын немесе атқармағанын, жүйеде қандай құжаттардың бар-жоғын зерделеп, оған баға бере алады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, егер оңайлатылған тәртіппен қабылданған сот шешімдері болса, осы жүйе арқылы қандай құжат негіз болғанын, оның негізінде қандай банктік шоттарға өндірістік өкімдер/шешімдер жолданғанын анықтауға болады. Мұндай ақпаратты жинақтап, зерделей келе, егер сот орындаушының іс-әрекетінен өкілеттігін асыра пайдалану немесе заңсыз әрекет жасау белгілерін анықтасаңыз, сол жүйе арқылы сот орындаушының іс-әрекетіне шағым беруге толық мүмкіндік бар. Осыны назарда ұстаған жөн.



